Қызылордада ауыл әйелдерінің облыстық слеті өтті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада ауыл әйелдерінің облыстық слеті өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес қазанның 15-і халықаралық ауыл әйелдері күніне орайластырылды. Қызылорда облысында пандемиядан кейін қайта жаңғырған бұл шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Мира Қазбекова мен әртүрлі салада табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қатысты.

Слетке қатысушылар алдымен Таң ауылының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл елді мекен меценат, осы ауылдың тумасы Имамзада Шағыртаевтың демеушілігімен облыстағы әлеуеті жоғары, тұрғындардың тұрмысы жақсы өңірге айналды. 2020 жылы кәсіпкер ауыл ішін абаттандыру мақсатында өз қаржысы есебінен 50 млн. теңге бөлді. Ауылда күріш зауыты іске қосылды. Ет өңдейтін цех ашылып, 5 гектар аумаққа алма ағашын егілді. Ауыл халқы тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнан бөлек, балабақша ғимараты жаңғыртылып, спорт кешені салынған.

Слет қатысқан кәсіпкер әйелдер өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі ел назарына ұсынылды. Әртүрлі салада жетістікке жеткен әйел аналар өз тәжірибесімен бөлісті.


Слет шеңберінде Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Қызылорда облыстық Қазақстан Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі мен облыстық әйелдер кеңесі бірлесіп әйел кәсіпкерлердің семинар-тренингін ұйымдастырды.

Бүгінгі күні облыста 823 мыңнан астам тұрғын болса, оның 410 мыңға жуығы әйелдер (49%). Оның ішінде, 185 462 әйел қалада, 224 мыңнан астамы ауылда өмір сүруде. Айта кету керек , аймақта 38 706 көпбалалы ана тұрса, оның 4363 – «Алтын алқа», 9655 – «Күміс алқа» иегерлері.

Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің 87, педагогтардың 73, жалпы бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы нәзік жандылардың үлесінде. Ал барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 152 депутаттың 39 әйелдер құрайды (26 %).

Еске салсақ, бұдан бұрын облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалық іскер әйелдер өкілдерімен кездесті.



Соңғы жаңалықтар