Қызылордада ауыл әйелдері форумы өтті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада ауыл әйелдері форумы. Оған Батыр аналар, түрлі салада жемісті қызмет жасап жүрген нәзік жандар, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыр өңірінің дамуына әйел кісілердің қосқан үлесі зор. Сондықтан бүгінгі шараның маңызы ерекше деп санаймын. Ауылды дамытуда да әйел кісілер белсенділік танытып келеді», - деді форумның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.

Форум барысында қоғамның өркендеуіне зор үлес қосқан 35 әйел кісі әр сала бойынша үздік деп танылды. Олардың қатарында білім, медицина, пошта немесе өндіріс қызметкері, фермерлік және шаруа қожалығының басшысы, сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес басшысы бар. Оларға Қызылорда облысы әкімінің атынан арнайы диплом табыс етіліп, сый-сияпат көрсетілді. Сондай-ақ, Социалистік Еңбек ері, Батыр ана Сәлима Жұмабековаға «Ғасыр ана» номинациясы табыс етілді.

Форум барысында Жаңақорған ауданы, Кейдена ауылдық округіне қарасты Аққұм ауылында тұратын екінші топ мүгедегі Қасиет Орал өзінің кәсібін қалай бастағанын баяндап берді.

Кальций жетіспеушілігі салдарынан кішкентайынан сүйегі сынатын сырқатқа ұшыраған ол қазір қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Қазіргі таңда ол тігіншілік курсқа қатысып, білімін жетілдіріп келеді. Қасиет Орал биылғы жылдың тамыз айында өткізілген мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер өнімдерінің байқауында жеңімпаз атанып, облыс әкімінің алғыс хаты мен 1 млн теңгеге қол жеткізген еді.

Бұдан бұрын біз Қызылордада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Армансыз күнім болмайды» атты мерекелік шара өткенін хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар