Қызылордада аутизм тақырыбында мамандарға кеңес берілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күніне орай бірқатар іс-шаралар өткізілді. Осы мақсатта тиісті сала мамандары аталмыш бағытта қызмет атқарып жүрген мамандарға арналған ашық есік күнін ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Асыл мирас» жеке қайырымдылық қоры аутизмі бар балаларға арналған орталықты еліміздің алты қаласынан ашқан болатын. Солардың бірі Қызылорда қаласында жұмыс жасап келеді. Аутизм орталығының жетекшісі Болатбек Айтбенбетов бүгінге дейін мұнда 500-ден астам отбасы қызмет алғанын жеткізді.

«Бізде барлық балаларға тегін қызмет көрсетіледі. Жалпы, балалар аутизмі психологиялық дамудың бұзылуы болып табылады. Мұндай өрендер адамдармен қатынаста бірқатар қиындық көруі әбден мүмкін. Айта кетерлігі, елімізде аутизмге шалдыққан балалардың саны нақты қанша екенін толық ешім айта алмайды. Оның біршама себебі бар. Елімізде мұндай мәселеде диагнозда дәл анықтай алатын мамандар саны өте аз», - деді Болатбек Айтбенбетов.

Оның айтуынша, орталыққа облыс аудандарымен бірге басқа өңірлерден де балалар келіп жатады. Олар үш айлық курстан өткізіледі. Одан кейін үй жағдайында жұмыс істейтін жоспар беріледі. Нәтижесінде аптасына бір мәрте, жұма күні супервизия ұйымдастырылып және ата-ана сағаты өткізіледі.

Қызылорда қаласындағы «Асыл мирас» аутизм орталығында бүгінгі атаулы күнге орай бірқатар шаралар өткізілді. Солардың бірі - тиісті сала мамандарына арналған ашық есік күні. Оған обллыстағы дефектолог, психолог, медицина саласының мамандары, неврепатолог секілді мамандық иелері қатысты.

«Бүгінгі шара барысында аутизмге шалдыққан балалармен жүргізілетін жұмыс түрлері, ата-аналармен кеңес, жеке және топтық жұмыс жүргізу мәселелері талқыланды. Бұл мамандардың біліктілігін жетілдіруде оң әсерін тигізеді деген ойдамыз», - деді педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Сара Жәнібекова.

Сондай-ақ, бүгінгі күні Қызылорда облысында аутизмге шалдыққан балалардың қатысуымен спорттық және мерекелік шаралар ұйымдастырылд ы. Кітапханаларда «Аутизм туралы не білесіз?» тақырыбында кітап көрмесі болып өтті.

Соңғы жаңалықтар