Қызылордада ауа температурасы 47 градусқа дейін көтерілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Соңғы күндерде Қызылорда облысында ауа температурасы 45-47 градусқа көтерілді. Бұл - соңғы 5-10 жылда тіркелген ең ыстық ауа райы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маусым айының соңғы екі күні мен шілде айының басында Қызылорда облысының басым бөлігінде ауа температурасы 44-47 градусқа дейін жетті. Ауа температурасы тек Арал ауданында ғана 39 градустан асқан жоқ.

«Табиғаттың мұндай құбылысы бұдан бұрын Қармақшы ауданында байқалды. 2017 жылы Қармақшы ауданында ауа температурасы 46,7 градусты көрсетті. Одан кейінгі ыстық ауа райы кеше, 1 шілде Қызылордада 46,6 градусқа жетті. Бұл ыстық біздің өңірге Иран аумағынан жеткен жылы ауа массасының әсерінен болып отыр. Соған байланысты соңғы үш күнде жауын-шашынсыз ауа райы байқалды. Сынап бағанасы көтерілді», - деді «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Әйгерім Жүкелова.

Оның айтуынша, 2-4 шілде аралығында Қызылорда облысы бойынша жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды. Бұл батыс бөліктегі Оралдың оңтүстігінен келген циклонның әсерінен орын алып отыр. Нәтижесінде ауа райы күндіз 30-35, түнде 15-20 градус аралығында болады деген болжам бар.

«Ауа райының қатты ыстықтан салқынға ауысуына байланысты бұршақ болуы ықтимал. Сонымен қатар, батыстан соққан желдің жылдамдығы 15-20, кей жерлерде секундына 20-25 метрді құрауы мүмкін. Қазіргі таңда табиғаттың бұл құбылысы Қармақшы ауданында байқалып отыр. Шілде айы облыс бойынша жауын-шашынның аз болуымен сипатталады. Шілденің 4-нен кейін ауа теммературасы 35-40 градусқа көтеріледі. Одан кейінгі екінші және үшінші онкүндікте ауа температурасы 45-46 градусқа көтеріледі деп болжанып отыр», - деді Әйгерім Жүкелова.

Соңғы жаңалықтар