Қызылордада аптап ыстықтан жедел жәрдемге жүгінгендер көбейді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ауа райының аса қатты ыстық болуына байланысты жедел жәрдем қызметіне жүгінген тұрғындар саны артып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шілденің алғашқы екі аптасы өңірде аптап ыстықпен ерекшеленді. Салдарынан дәрігерлер көмегіне жүгінгендер қатары аз болмай отыр.

«Соңғы екі аптада жедел жәрдем қызметін шақыртқан тұрғындар саны артты. Атап айтқанда, 1-7 шілде аралығында дәрігерлер 10951 адамға медициналық қызмет көрсетті. Ол 8-14 аралығында 11049 адамға жетті. Ауа-райына байланысты демсаулығы сыр берген азаматтар саны өскені аңғарылып отыр. Олардың арасында жүрек-қан тамырлары ауруы бірінші орында тұрса, одан кейінгі кезекте - тыныс алу дерттері», - деді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметов.

Сыр өңірінде ыстық ауа-райы әлі де сақталады. Бұл жөнінде «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Әйгерім Жүкелова мәлім етті.

«Қызылорда облысына жылы ауа массасының енуіне байланысты ыстық ауа райы әлі де сақталады. Ол 20 шілдеге дейін созылады деп күтілуде. Ертең, 16 шілдеде біздің аймақта ауа температурасы 39-44 градусқа көтерілмек. Ал 17 шілдеде ол 41-46 градусқа дейін жоғарылайды. Облыстық солтүстігінде орын тепкен Қазалы, Арал аудандарында ол 35-37 градусты құрайды. Осы күндерде солтүстік шығыстан соққан желдің екпіні де күшейте түседі. Ал 20 шілдеден кейін циклонның енуіне байланысты ауа температурасы біршама төмендейді. Ай соңына таман жаңбыр жауады», - деді Әйгерім Жүкелова.

Естеріңізгесала кетелік, шілде айының 2-сі күні Қызылорда облысында ауа температурасы рекордтық көрсеткішке жетті. Ауа температурасы 47 градусты құрады .

Соңғы жаңалықтар