Қызылордада «алтын балығы» бар отбасы тұрады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында тұратын Бахмановтар отбасы жеке адамдар арасында сирек кездесетін аквариумда балық өсірумен айналысады. Қазір олардың аквариумында су жәндігінің «алтын балық» деп аталатын түрі де бар. ҚазАқпарат тілшісі әкелі-балалы Насреддин және Жандос Бахмановтардың әуес ісіне зер салды.

Бұл істі әуелі Жандос қолға алған екен. Алғашқыда оған қызығушылық білдірген ол беріде сол іспен өзі айналысуды құп көрген. Оның негізі мамандығы - инженер-бағдарламалаушы. 

«Мен бұл іске бала кезімнен қызығатын едім. Өсе келе сол қызығушылығымды іске асырғанды қаладым. Бұл ойымды әкеме айттым. Қарсы болған жоқ. Осылайша ісімізді бастап кеттік. Қазір бізде үш аквариум бар. Онда сан түрлі балық түрлері кездеседі. Оларды шетелден де алып жатамыз.  Қажетті құрал-жабдықтарда сырттан жеткізіледі. Олардың арасында жарық беретіні, судың жылылығын ұстап тұратыны бар. Бізде балықтың онға жуық түрі бар. Атап айтатын болсақ, барбус, гурами, тернеция секілді түрлері тұщы немесе ағысы қатты емес суларда өмір сүреді», - деді Жандос.

Жандостың әкесі - Насреддин ағамыз бұл кәсіппен жас шағында біраз айналысқан көрінеді. Мектеп бітіргенше айналысқан. Жоғары оқу орнына түскеннен кейін одан қол үзіп қалыпты.

«Бір аквариумның сыйымдылығы 165 литрді құрайды. Жанынан қарасаң аквариумның үлкен екені көзіңе байқалады. Ал қарсы алдынан қарасаң, ол онша біліне бермейді. Ішінде кішкене су секілді көрінеді. Физиканың бұлжымас бұл заңы көпшілікті таңғалдырып жатады. Ісімізді жүргізу барысында сондай заңдылықтардың барлығына назар аудардық», - деді Насреддин Бахманов.

Айта кетерлігі, аквариумды әкелі-балалы Насреддин мен Жандос өздері жасайды. Оған қажетті дүниелерді жергілікті дүкендерден сатып алады. Олар бір аквариумда балықтың бірнеше түрі бірге өмір сүре беретінін айтады. Олардың бір-бірімен үйлесімділігі қандай? Бұл мақсатта арнайы кестеп жасап қойған екен. Соның нәтижесінде олар үйірімен тіршілік етеді. Балықтар уылдырық шашатын уақытында арнайы күтім жасалады. Әрбірі сүзгі арқылы алынады. Бөлек аквариумға жіберіледі. Кішкене шабақтар жетілгенше сонда болады.
null

Акваруимдарды безендірілуі де ерекше екен. Онда жасанды шөптерден бөлек кəдімгі табиғи шөптерді де кездестіруге болады. Жарық, жылудан өзге, теңіз балдырлары да бар. Негізінен, аквариумді айына бір мəрте тазалап, залалсыздандырса, балықтарды күніне бір рет тамақтандырады.

«Бізде ең кішкене балық 5 миллиметр, ал ең үлкені шамамен 8-9 сантиметрді құрайды. Өмір сүру ұзақтығы екі жарым жылдан бастап 22 жылға дейін созылады», - деді Насреддин Бахманов.

Бұл отбасының кейбір туған-туысқандары да аквариумде балық асырайды. Олар үшін əрбір қуанышты күні бір-біріне «алтын балық» сыйлау дəстүрге айналған. Тіпті шет мемлекеттерге немесе еліміздің əр аймағына сапарлап барғанда əдейілеп балық сатып алатын көрінеді. Тағы бір таңғаларлық дүние - суда жүзген балықтар өз иесін өте жақсы таниды. Олар тамақтанатын кезде барлығы бір жерге жиналады. Егер əйнектің сыртынан өзге адам қақса, əлгі балықтар шошып, əрмен қарай қашып кетеді.

Ал, Жандостың əйнекті тырсылдатқаны сол еді барлығы бір жерге топтаса қалды. Аквариумнің адамға пайдасы көп.

Сұхбат барысында бұған біз де көз жеткіздік. Бас- аяғы бір сағат ішінде суда жүзген балықтарға қарап тұрып, сол күнгі шаршағанымыз сейіліп, бір уақыт тынығып алғандай болдық.

«Психологтардың айтуынша, аквариумдық балықтар күйзелісті түсіріп, адамның жалпы психикалық жағдайына оң əсер етеді. Əдемі безендірілген аквариумның алдында жарты сағат отырса, ішкі толқыныстар, жүйке қозулары, агрессия басылады. Сондай-ақ, ол күйзелістерді кетіріп қана қоймай, жағымды эмоциялардың негізі бола алады. Осылайша жұмысқа қажетті жайлы атмосфераны тудырады. Одан бөлек, аквариум көздің тынығуына да оң əсерін тигізеді. Əрі-бері жүзген балықтарды тамашалай отырып, бірде жоғары, бірде төмен қарағанда, көздің бұлшық еттері еріксіз жұмыс жасайды», - деді Жандос Бахманов.

Сондай-ақ, аквариумды ауырып жатқан адамның жанына қойсаңыз, сырқаттың көңілі тынышталады. Оның ішіндегі су буға айналып, ауаны ылғалдандырады. Бұл, əсіресе, көп пəтерлі тұрғын үйдегілер үшін аса қажет дүние. Ал, балалар психологтары белсенді, шулы немесе қорқақ баланың бөлмесіне балығы бар аквариумды қойғанды жөн көреді. Осылай етсеңіз, бір жағынан түнде шам жағып əуре болмайсыз əрі үйдің дизайны да сырт көзге əдемі көрінеді.

«Балықтарды өсіру туралы алғашқы деректер Египет жəне Ассириямен байланысты. Біздің заманымызға дейінгі IX ғасырда Вавилонның сəулетшілері бақтарда балықтары бар ашық сəндік тоғандарды жасай бастаған. Оларды өсіру арқылы ғылыми негіздегі аквариумистика Қытайда пайда болды. Буддалық монастырьларда ең алғаш рет алтын балықтар өсірілді. Ал, алғашқы аквариумдар ел арасына 1841 жылдары тарай бастады», - деді әкелі-балалы Насреддин мен Жандос.

Ағылшын ғалымы Н.Вард 1829 жылы шыны ыдыста өсімдіктерді өсіріп, кейін алтын балық пен валлиснерия өсімдігін тұңғыш рет бірге отырғызады. Содан бері ол қазіргі кезде қолданылатын аквариумның негізін қалаушы болып саналады. 

Соңғы жаңалықтар