Қызылордада Алаш қозғалысы жайында жиын өтті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада «Алаш қозғалысы идеясы және тәуелсіз Қазақстан» атты танымдық-тағылымдық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш игі шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Оны өткізуге Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.

Конференция жұмысына жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, қалалық ардагерлер кеңесі, қаладағы жоғары оқу орындарының тарихшы-әдебиетші оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, магистранттар, жас ізденушілер, мұғалімдер, студенттер және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шара барысында қоғам қайраткері Сайлаубай Әбішев және Сара Тайманова, Меруерт Аңсатова сынды ғалымдар баяндама жасады. Баяндама барысында бұдан бір ғасыр бұрын қазақтың зиялы азаматтарының Ресейде тұңғыш ұлттық «Алаш қозғалысын» құрғаны жайында жан-жақты айтылды. Онда басқару жүйесін қалыптастырудағы мақсаты және 1917 жылы белең алған саяси өзгерістер Алаш қозғалысына жаңа мүмкіндіктер мен жауапты міндеттер жүктегені таразыланды. Сол тұста алаш зиялылары Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін ерен еңбектер жасады.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов Алаш қозғалысының ғибраты, қайраткерлеріміз жүріп өткен жол, олардың күресі, қаламгерлердің көркем ойлары жайында кеңінен айтып өтті. Конференция жұмысын «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алмагүл Божанова жүргізді.

Конференция барысында А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана кең көлемді «Алаш мұрасы-мәңгілік» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Оған қоса Алаш қайраткерлері жайлы бейнесюжет көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар