Қызылордада әкімдік бөлімі кәсіпкердің қызметіне бөгет жасаған

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоба аясында фронт офис құрды. Ол бизнес субъектілерімен тығыз байланыс орнатуда үлкен көмек болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы фронт офис алаңында отандық инвесторлармен кездесу өткізілді. Инвесторлар құқығын қорғауға бағытталған жоба таныстырылды. Кездесуді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев ашты. Ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында айқындалған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларкеңінен қамтылғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта оған инвесторлар мен кәсіпкерлерден 12 өтініштер түскен. Бүгінгі күнге дейін оның 8-і өз шешімін тапса, қалған 4-і қаралып жатыр. Олардың қатарында кәсіпкерлік субъектілерінің заңды құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіргені үшін жекеленген лауазымды тұлғалардың әрекетіне қатысты өтініштер бар.

«Атап айтқанда, Арал аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қатысты шағым бар. Бөлім басшылығы тарапының заңсыз әрекетімен «Жолаушы А.Б. Сервис» ЖШС қызметін жүзеге асыруға кедергі келтірген. Серіктестікпен жасалған ауданішілік жолаушылар тасымалдау шарты бола тұра ішкі істер органдары арқылы автобекетке серіктестіктің көлік құралдарын кіргізбеуді сұралған. Осылай кәсіпкерлік субъектінің қызметіне ашық түрде бөгет келтірген. Сондай-ақ, Шиелі аудандық ауылшарушылығы бөлімі басқа кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу құқығын шектеген. Аталған тұлға жерге орналастыру қызметін сатып алуды жалпы конкурс негізінде өткізбей, бір көзден сатып алу тәсілімен «Госспецзем» ЖШС-нен шартқа отырған. Нәтижесінде басқа кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу құқығы шектелген. Осы мәселелер облыстық әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралып, кеңес шешімімен лауазымды тұлғалар «Атқарып отырған қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылды» - деді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Бағдат Ізкенов.

Бұдан бұрын да Қызылордалық кәсіпкерлерге кедергі келтірген шенеуніктер жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар