Қызылордада 900 грамм салмақта дүниеге келген нәресте үйіне шығарылды

None
Фото: Сурет облыстық денсаулық сақтау басқармасы
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада наурызда 900 грамм салмақта дүниеге келген екі айдан кейін үйіне аман-есен шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 28 наурызда Қызылорда қаласының 22 жастағы тұрғыны Мөлдір Жұбаниязова облыстық перинаталдық орталығында жүктіліктің ​27-ші аптасы мерзімінде шарананы дүниеге алып келді. Нәрестенің салмағы 900 граммды құраса, бойы 30 сантиметрді шамалады.

​«Облыстық перинаталдық орталық мамандары нәрестелер реанимациясы және қарқынды терапия ​ бөлімшесінде сәбиге ерекше ​күтім жасады. Оған сапалы емдеу жасап, ұзақ уақыт бойы бақылауды жүргізді. Нәтижесінде сәби ​27-ші тәулікте нәрестелер патологиясы бөлімшесіне ауыстырылды. Онда аса ұқыптылықпен күтім жасалып, сапалы емі жүргізу жалғасты. Өмірге келгеніне шамамен 2 ай өткенде, 58-ші тәулікте аман-есен анасымен үйіне шығарылды, Сәбидің салмағы 2 келіні құрады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Облыстық ​ перинаталдық орталығында жыл басынан бері 275 сәби мерзімінен бұрын өмірге​ келді. Орталық шала туған сәбилерді күтуге, оңалтуға қажетті жабдықтардың барлығымен толық қамтылған.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында Қызылордада үшем дүниеге келді.


Соңғы жаңалықтар