Қызылордада 80 спорт және балалар ойын алаңдары салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында Балалар жылы аясында 80 спорт және балалар ойын алаңдары салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес жарияланған Балалар жылы аясында қала, аудан әкімдеріне демеушілер арқылы өңір бүлдіршіндеріне тарту жасауды тапсырған. Қазіргі таңда салынатын ойын алаңдарының аумақтары белгіленіп, қажетті жер телімдері табысталған.

Ойын және спорт алңадарының 50-і облыс орталығында, қалған 30-ы аудандарда құрылыстары басталып жатыр.

Спорттық тренажерлар, балалар ойын және футбол алаңыдарымен қамтылатын бұл нысандар негізінен қаланың шет аймақтары мен ауылдық елді мекендерде тұрғызылмақ.

Бүгінде Қызылорда қаласында 32 алаңның құрылысы басталса, аудандарда 6 ойын аалаңының құрылысы аяқталған және 5 алаңның құрылысы жүргізілуде.

Межеленген 80 алаңды қыркүйек айында толық пайдалануға беру жоспарланған.

Балалар жылы аясында Қызылорда облысында жыл соңына дейін жеткіншектерге арналған тағы 10 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның ішінде 6 мектеп, дарынды балаларға арналған 2 орталық, 1 балабақша, 1 Оқушылар сарайы мен Өнер мектебі бар. Мұнымен қоса жаңа оқу жылы қарсаңында жергілікті кәсіпкерлер 3 жекеменшік мектепті іске қоспақ.

Ал Балалар жылындағы ең үлкен сый – Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі Оқушылар сарайын салу туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен келісім жасалды. Бұл зәулім ғимарат Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан жаңа тұрғын ауданда бой көтеретін болады.

Сонымен қатар, тұрғындардың спорт нысандарына қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс көлемінде 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 6 мәдениет үйі пайдалануға беріледі.

Жалпы «Балалар жылы» аясында қызылордалық бүлдіршіндерге жан-жақты жағдайлар мен қолдаулар қарқынды көрсетілуде. Соның бірі - биылдың өзінде 8 мыңнан астам бала өңірдегі лагерьлерде тынығатын болады.

Сондай-ақ «Атамекен» балалар ауылының түлектеріне Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранты табысталып, 45 балаға «Қамбаш» лагеріне жолдама үлестірілді, көпбалалы отбасылар үшін облыс орталығынан 50 пәтерлі тұрғын үй табысталды.

Айта кетейік, 1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында орталық стадионда ұйымдастырылған мерекелік шара барысында арнайы санаттағы балалар мен халықаралық олимпиада жүлдегерлері атанған 100 балаға велосипед, 10 ноутбук және «Балдаурен» республикалық лагеріне жолдама берілген.




Соңғы жаңалықтар