Қызылордада 5 млн теңгені ұрлаған тұрғын сотталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жергілікті азаматтың үйінен қомақты қаржыны қолды еткен Қызылорда қаласының тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш оқиға 2018 жылдың 28 қыркүйек күні орын алды. Бұл күні ол бетперде киіп, белгісіз азаматтың үйіне кіреді. Сол үйде тұратын жәбірленуші азаматтың басын кірпішпен ұрып, қолын байлап тастайды. Сейфтен 5 млн теңгені алып, бой тасалайды. Ақшасынан айрылып қалған қала тұрғыны полицияға шағымданды.

«Орын алған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 192-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Тергеу барысында жедел уәкілдер, криминалист және тергеушінің кәсіби біліктілігінің нәтижесінде күдіктінің қылмыстық іс-әрекеті толық дәлелденді. Мамандардың бірлескен жүйелі жұмысы осылайша оң нәтиже берді. Күдіктінің қылмыстық іс-әрекеті арнайы сот сараптамалармен, зерттеу қорытындыларымен толық дәлелденді. Нәтижесінде іс айыптау қорытындысымен сотқа жолданды», - деп жазылған Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сот процесінде күдікті өзі жасаған қылмыстық іс әрекетін мойындады. Келтірілген шығынды жәбірленушіге толығымен өндірді. Ол сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айрылды.

Сондай-ақ, бұдан бұрын Қызылордада 26 жастағы азаматша алаяқтықпен 80 млн теңгені қалтаға басқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар