Қызылордада 46 адам коронавирус жұқтырған ауылдағы блокпосты алып тастауға әлі ерте - әкімдік

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Төңкеріс ауылдық округінде блокпосты алып тастауға әлі ерте. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінге дейін Шиелі ауданында 66 науқас тіркелген. Оның 46-ы Төңкеріс ауылдық округінің тұрғындары. Ауылда вирус қаупі әлі де сейіле қойған жоқ. Сондықтан кіре беріс блок -постты алып тастауға әлі ерте.

«Төңкеріс ауылы тұрғындарының 1,4 пайызы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Екі-үш күн бұрын кейбір республикалық телеарналарда Төңкеріс ауылдық округінің тұрғындарының төтенше жағдайға байланысты қойылған блокпост жұмысын тоқтату туралы талабы көрсетілді. Онда сұхбат берген тұрғындар ауылда азық-түлік бағасы көтерілгенін, карантин талабына сәйкес ауылдан шыға алмай қалғандығын айтқан. Қазір ауылдық округ тұрғындарының сұранысы бойынша азық-түлік тауарлары, 300 газ баллоны, 20 тонна жем кідіріссіз жеткізілді. Азық-түлік сататын кәсіпкерлерге арнайы хат берілді. Онда шекті бағаның тұрақтылығын сақтау тапсырылды. Ол жергілікті билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар тарапынан бақыланды. Күнделікті қолданыстағы 9 азық-түлік тауарының белгіленген бағасы өскен жоқ. Халық тұтынатын тауарлардың бағасына тек жол шығыны ғана қосылды», - деді облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.

Төңкеріс ауылдық округінің кіре беріс блокпосты 30 наурызда қойылған. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, карантиндік шектеулер эпидемиологиялық жағдайға сәйкес біртіндеп алынады.

Қазір Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған 232 адам бар . Оның 188-і сырқатынан айығып шықты.


Соңғы жаңалықтар