Қызылордада 425 қойы бар отбасы әлеуметтік көмек алған

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында атаулы әлеуметтік көмек алғандар қатарында дәулетті азаматтар болған. Осы мақсатта жүргізілген тексеру барысында осындай келеңсіздіктер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тиісті сала мамандарының тексеруі нәтижесінде 1597 отбасына 1 млрд 71 млн теңге әлеуметтік көмек тағайындау тоқтатылды. Артық төленген 229 млн теңге бюджетке қайтарылған. Атаулы көмек алушылар саны Қызылорда қаласында – 4,5, Жаңақорғанда – 3,8, Шиеліде – 3,5 есеге артқан.

«Бұл атаулы әлеуметтік көмектің ретсіз тағайындалғанын көрсетеді. Тексеру барысында көптеген олқылықтар анықталды. Осындай көмекке ие болғандар қатарында 425 қойы, 19 түйесі бар отбасылар кездесті. Сондай-ақ, тағы бірінде 41 түйе, 47 жылқы бар екені белгілі болды. Жалпы, мемлекет көмегін шын мұқтаж адамдар алуы тиіс. Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін әдейі ажырасу, жұмыстан ерікті түрде шығу, табысты жасыру сияқты әрекеттерге баратын адамдар кездеседі», - деді Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысында.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында әрбір отбасына 84 мың теңгеден жоғары атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Биылғы жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша мұндай көмекті 147 мыңнан астам тұрғын алған.

Соңғы жаңалықтар