Қызылордада 418 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында екпе алған адамдар арасында коронавирус инфекциясына шалдығу көрсеткіші небәрі 0,4 пайызды құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен егілгендер саны - 418 748 адам, ол халықтың 92,5 пайызы. Ал екінші компонентпен – 395 391 адам (87,4 пайыз) қамтылды.

«Эпидемиологиялық талдаулар көрсеткендей, екпе алған адамдар арасында коронавирус инфекциясына шалдығу көрсеткіші небәрі 0,4%-ды құрайды. Ал науқастанғандардың 99,6% коронавирусқа қарсы вакцина алмаған адамдар арасынан анықталып отыр. Бұл өз кезегінде екпенің жоғары тиімділігін көрсетеді. Коронавирус инфекциясының қарқынды таралуының негізгі себебі - тұрғындар тарапынан мереке күндері санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды орындаудың бұзылуы, сонымен қатар айналымда «Омикрон» штамының болуы ықтимал деген болжам бар. Сондықтан зертханалық жолмен толық геномды секвинерлеу жүргізу үшін Нұр-Сұлтан қаласына іріктеп алынған үлгілер жөнелтілген. Нәтижесі қосымша хабарланады», - деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Айта кетсек, өңірде «Pfizer» вакцинасын 19 865 адам ектірді. Оның ішінде 16 210-ы жасөспірім, 1541-і жүкті әйел, 2114-і емізулі ана.

«Бүгінге дейін 35 276 өңір халқы ревакцинациядан өтті. Оның ішінде 425 тұрғын «Pfizer» вакцинасын алды. Қазіргі таңда облыс бойынша 20 медициналық мекемеде егу жұмыстары үзіліссіз жүргізілуде», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов.

Қызылорда облысының эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз. Жыл басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырудың 2 622 жағдайы анықталған. Бұл өткен жылғы желтоқсанда тіркелген көрсеткіштен 22 есеге жоғары.

Еске салсақ, өткен тәулікте Қызылордада коронавирус жұқтырудың ең жоғары көрсеткіші тіркелді.



Соңғы жаңалықтар