Қызылордада 4 жасар баласын құтқармақ болған әкені автобус қағып өлтірді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында жолаушылар тасымалдайтын автобус екі адамды қағып кетті. Олардың бірі алған жарақатынан қаза болса, екіншісі аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 17 қазан күні сағат 12.30 шамасында Абай даңғылы мен Ы. Алтынсарин көшесінің қиылысына жақын жерде болды.

Қызылорда облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткендей, жолдың белгіленбеген тұсынан 4 жасар бала жүгіріп шыққан. Артынан әкесі құтқаруға ұмтылған. Сол мезетте жақындап қалған қоғамдық көлік оларды қағып кеткен.

«Алған жарақаты салдарынан баланың әкесі көз жұмды. Ал бүлдіршін облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Автокөлік жүргізушісі оқиға орнында анықталды. Сараптамалар тағайындалды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет жағдайы көрсетілген. Оқиғаның мəн-жайлары анықталуда. ​ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілуге жатпайды», - деп мәлім етті департаменттен.

Соңғы жаңалықтар