Қызылордада 240 отбасы жаңа баспананың кілтін алды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күні қарсаңында 240 қызылордалық отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан кредиттік көпқабатты тұрғын үйлердің кілті салтанатты түрде табысталды. Бұл көпқабатты үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған.

Соңғы жылдары Қызылордада 15 жаңа шағынаудан бой көтеріп, нәтижесінде 7 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болды. Айта кетейік, жыл басынан бері 1000-ға жуық пәтердің кілті табысталды. Тұрғын үйлердің жалпы ауданы - 10 мың 900 шаршы метр. Облыста жүзеге асқан құрылыс жұмыстарының 31,4 пайызы - Қызылорда қаласының үлесінде. Сол жағалаудағы жаңа қалада республикалық, облыстық бюджеттерден 820 пәтерлік 16 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 830 пәтерлік 17 көпқабатты кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жаңа қоныс иелерін құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

«Жергілікті құрылысшылар Қызылорда қаласында жаңа нысандардың іргетасын қалап, сол жағалауда жаңа қала салу идеямызға қолдау көрсетіп келеді. Осындай игі істерге қолдау көрсеткен барлық құрылыс компаниясына және жұмысшылардың еңбектеріне қала тұрғындары атынан алғысымды айтамын», - деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында баспаналы болғандардың басым бөлігі - жас отбасылар. Олардың арасында дәрігерлер мен ұстаздар, құқық қорғау саласының қызметкерлері де бар.

Соңғы жаңалықтар