Қызылордада 16 адамды сан соқтырған алаяқ ұсталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада жалған қаржылық пирамида құру арқылы 16 адамға мүліктік залал келтірген күдіктіге қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асхат Мұхтарұлы айтып берді.

«Аталған адам ғаламтордағы «WhatsApp» мессенджерінен «Wall Street», «Вклад чат Ергазы» және «Inspider» атауымен чаттар ашқан. Осылайша ел арасында жалған ақпарат таратқан. Қатысушыларды басқалардың жарнасы есебiнен байыту болатынын айтқан. Сол активтердi тарту арқылы табыс алу жөнiндегi қызметті жалған ұйымдастырып, қаржылық пирамиданы құрған. Салдарынан 16 адамға 4 563 800 теңге шамасында мүліктік залал келтірген. Қазір қылмыстық іс-материалы сотта қаралуда», - деді А.Мұхтарұлы.

Оның айтуынша, алаяқтар өзге жарнамалық сайттарды пайдаланып, жалған сатылымдар ұйымдастырған жағдайлар кездеседі. Онда тұрғын үйдің, қымбат көліктердің және өзге де бағалы заттардың суреттерін қойып, арзан бағасын көрсетеді. Оған қызығушылық танытқан және бағасына келіскен азаматтарға 10 пайыздық немесе белгілі бір мөлшердегі ақша-қаражаттарын аудартып алып, ізін жасырады.

Өңірде қаржылық пирамиданы құру, ақпараттық жүйені пайдалана отырып алдау дерегі азаймай тұр. Облыста биылғы жылдың 11 айында алаяқтықтың 642 дерегі тіркелген. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға артық.

Алаяқтық қылмыстың 342 дерегін немесе 52 пайызын интернет-алаяқтары құраған. Бұл бойынша тіркелген қылмыстардың 49-ы немесе 14,3 пайызы Ресей мен Украина азаматтары тарапынан жасалған. Осы қылмыс түрінің 15-і сотқа жолданса, 18-і бойынша тергеп-тексерулер тоқтатылған, қалған істердің мерзімі үзілген.

Бүгінге дейін облыс көлемінде 24 интернет алаяқтық қылмысы ашылып, 9-ы кезекші тәулікте ашылған.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада пара алды деген күдікпен полиция қызметкері ұсталды.

Соңғы жаңалықтар