Қызылордада 100-ден астам қой белгісіз дерттен қырылып қалды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Шалқия кентінің тұрғыны Ахмет Рахимовтың уақ малы шығынға ұшырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мал иесінің айтуынша, бүгінгі күнге дейін 116 қой әзірге белгісіз аурудан шығын болған. Оған Жаңақорған аудандық ветеринариялық зертханасы 10 қараша күні лептоспироз ауруынан қырылды деп диагноз қойған. Сондай-ақ, мал азықтан (судан) улануы мүмкін деген де жорамал айтылып отыр. Ауырған мал оқшауланып, қан сарысуы және қосымша антибиотиктермен емдік шаралар жүргізілген.

«Жаңақорған аудандық әкімдігінің 12 қарашадағы хатына сәйкес, Шалқия кентінің тұрғыны Ахмет Рахимовтың уақ малы шығын болғаны туралы хабарланды. Ветеринар мамандар эпизоотиялық зерттеу барысында ауру ошағында өлген 30 өлексені өртеп, Байкенже ауылдық округіндегі типтік жобадағы мал қорымына тастады. Айта кетелік, осы аумақтағы бірқатар шаруалардың иелігіндегі 2420 бас малға Алматы аграрлық ұлттық университетінің «Сана» ЖШС-нен шыққан вакцина алдын ала егілген. Қазір ондағы жағдай тұрақты», - деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетов.

Мал тұрған қоражайларға залалсыздандыру шаралары жүргізілді. Тиісті ветеринариялық шаралар атқарылды. Аталмыш жағдай қатаң бақылауға алынған. Осы жағдайға байланысты облыстық ветеринария басқармасынан, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясынан және облыстық ветеринариялық зертханадан мамандар тиісті зерделеу жұмыстарына жіберілген.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Әпетовтің айтуынша,  лептоспироз ауруы қауіпті дерттердің қатарына жатады. Малдың лептоспироз ауруынан өлгені дәлелденсе, мал шығыны болған азаматқа тиісті өтемақы төленуі тиіс.

Дәл осындай жағдай 2015 жылдың жаз айларында Қызылорда облысында тіркелген еді.  

Иллюстрациялық сурет

Соңғы жаңалықтар