Қызылордада 1,5 ғасырдан астам уақыт бойы сақталған көне мөр табылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында есімі елге белгілі Қалқай ишанның бір жарым ғасырдан астам уақыт бойы сақталған ескі мөрі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша арнайы жобаны қолға алды. Осы орайда музей қызметкерлері Сыр өңіріндегі әулие-әнбиелер, ахун-ишандар, билер мен батырлар пайдаланған, халық қасиетті санайтын дүниелерді зерттеу және насихаттау жұмыстарын жүргізуде. Жобаның алғашқы жаңалығы – ХІХ ғасырда әйгілі үш жүздің пірі болған, Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісінің рухани көсемі Марал ишан Құрманұлының үлкен баласы - Қалқай ишанның мөрінің табылуы.

«Бүгінгі күнге дейін ұрпақтары мөрді Марал ишандыкі деп санаған. Музей қызметкерлері осы мақсатта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, түрколог-ғалым С.Қосановпен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде араб жазуы тәржімаланып, мөрде «Қалмұхаммед ибн Марал ишан, хиджраның 1247 жылы» деп жазылғаны анықталды.

1815-1870 жылдары өмір сүрген Қалқай ишан Бұқара мен Бағдат қалаларының медреселерінде білім алған. Елге келгеннен кейін мешіт-медресе ұстап, жастарды руханиятқа сусындатып қана қоймай, елді еңбекке баулыған», - деді Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалының меңгеруішісі Кенжегүл Ахметова.

Оның айтуынша, Қалқай ишан Шығыстың көне қисса-дастандарын жатқа білген. Тіпті жырларды жазып жинақтаған. Қалқай ишанның Шыңғыс сұлтанның ұлы Шоқанға Мұхаммед-Ханафия деп атын қойғаны жайлы ел аузында аңыз-әфсана сақталған.


Соңғы жаңалықтар