Қызылорда жұртшылығы Қамшыбек Қоңқабаевқа көлік мінгізді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Токио Олимпиадасында бокстан қола жүлдегер атанған Қамшыбек Қоңқабаевқа жерлестері жаңа көліктің кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Токио Олимпиадасына қатысқан қызылордалық спортшылар Қамшыбек Қоңқабаев, Дәулет Ниязбеков және Мөлдір Жаңбырбаймен жүздесті. Аймақ басшысы қола жүлдегер Қамшыбек Қоңқабаевты және дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғаған Дәулет Ниязбеков және Мөлдір Жаңбырбайға алғысын білдірді. Спортшылардың жеңісі Ел Тәуелсіздігіне үлкен тарту болғанын атап өтті.

«Екі апта бойы өздеріңе жанкүйер болдық. Қамшыбектің алтынға бергісіз қола жүлдесі елдің көңілін көтерді. Талай бүлдіршіннің қиялына қанат бітірді. Ел Президентінен Мемлекеттік Туды алу -қашанда үлкен мәртебе, зор сенім! Бұл міндетті жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев абыроймен ақтап, байрағымызды Олимпиада төрінде желбіретті», - деді облыс әкімі.

Биыл Сыр спортшылары толайым табыстарға қол жеткізуде. Жыл басынан жерлестеріміз ел біріншіліктерінде 700 медаль жеңіп алса, Әлем, Азия чемпионаттарында 46 медальға қол жеткізді.

Кездесуде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ел намысын абыроймен қорғап шыққан Қамшыбек Қоңқабаевқа «Toyota Camry 75» автокөлігінің кілтін табыс етті.

Ал Олимпиада ойындарының қатысушылары Дәулет Ниязбеков, Мөлдір Жаңбырбайға және Қамшыбек Қоңқабаевтың бапкері Сейітжан Төкеновке 1 млн теңгенің сертификаты берілді. Елдің рухы мен мәртебесін көтерген спортшыларға «Dalatex» ЖШС-нің басшысы Димаш Әбішев, «Нұрлен» ЖШС-нің басшысы Қайрат Боранбаев, «Мелиоратор» ЖШС-нің басшысы Бердібек Мыханов және «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС-нің басшысы Әділ Бижанов демеушілік көрсетті.

Сондай-ақ, жиында aуыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин Қамшыбекті жеңісімен құттықтады. Ал Мөлдір мен Дәулетке алдағы сайыстарда сәттілік тіледі.

Еске салсақ, дүбірлі додаға Қазақстан атынан 97 спортшы спорттың 28 түрінен бақ сынады.

Қазақстан спортшылары сегіз қола медаль алды. Олардың қатарында дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, боксшылар Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, палуан Нұрислам Санаев пен каратэші Дархан Асаділов пен Софья Берульцева бар.
Соңғы жаңалықтар