Қызылорда – Жезқазған жолы қашан жөнделеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында киелі жерлерге апаратын жолдар жөнделеді. Биыл екі кесенеге жайлы жол салу көзделіп отыр. Ауыл ішіндегі жолдарды ретке келтіру жалғасады. Осакаровка және Нұра арасындағы нашар жол қалпына келеді. Жалпы алғанда, республикалық, облыстық және жергілікті трассаларда 1 400 шақырымға жуық жол жөнделеді. Алдағы маусымға арналған жоспар туралы Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Саят Шаймин айтып берді.

- Автоәуесқойларды немен қуанта аласыз?

- Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары жол жұмыстарының ауқымы айтарлықтай өсті. Биыл инфрақұрылымды жақсартуды жалғастырамыз.

1 336 шақырым автожолды жөндеу жоспарланған. Бұл тек республикалық және облыстық маңызы бар магистраль ғана емес, сонымен қатар қалалар мен аудандардағы жолдар.

Республикалық маңызы бар Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал автожолдарының учаскелерін қайта жаңарту жалғастырылады. Жаңа жолмен көліктер қазірдің өзінде жүріп жатыр, бірақ кейбір жерлерде айналма жолдар қалды. Міндет – мүмкіндігінше тезірек жаңа жолды толығымен ашу.

Тағы бір көптен күткен жоба – ұзындығы 208 шақырым болатын Қызылорда –Жезқазған автожолын қайта жаңарту. Мердігерлерді таңдау бойынша конкурс жарияланды. Оның нәтижелері көктемде белгілі болады. Жөндеуге биыл кірісуі тиіс. Қаржыландыру Азия Даму Банкі арқылы жүзеге асырылады.

Жезқазған – Қарағанды жолын қайта жаңарту үшін ЖСҚ әзірлеу басталды.

Облыстық жолдар бойынша жалпы ұзындығы 464 шақырым болатын 29 нысан салуды жоспарлап отырмыз. Туристер үшін де жақсы жаңалық бар. Биыл Жошы хан мен Домбауыл кесенелеріне жол салынады.

Қайта қалыпқа келтіру жұмыстарымен ұзындығы 131 шақырым жеті жол учаскесі қамтылды. Біз өткен жылы басталған жобаларды аяқтауымыз керек. Бұқар Жырау ауданында бұл Новодолинка – Шахан – Молодецкое, Нұрада – Нұра – Шахтер автожолы, Жартас – Долинка, Қарағанды – Үштөбе – Құрылыс, Осакаровка – Молодежное автомобиль жолдарында жұмыстар жалғасады. Жаңаарқа ауданында Қаражал – Атасу жолы жаңартылады.

Ұзындығы 313 шақырым автожолдардың 20 учаскесінде орташа жөндеу көзделген.

- Ал Нұра мен Осакаровка арасындағы проблемалық жолға қатысты не айта аласыз? Жүргізушілердің қиналуы қашан доғарылады?

- Оның жалпы ұзындығы - 83 шақырым. Екі жылда 63 шақырымы жасалды, 20-сы қалды – бұл ең проблемалы учаске. Оны қайта жаңартуға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Биыл жұмыстар басталады. Онда жарамсыз топырақты ауыстыру керек. Содан кейін асфальтбетон жабынының үш қабаты салынады.

2023 жылы осы жобаны толығымен аяқтаймыз.

- Облыста кентішілік жолдар белсенді қолға алынды. Бұл процесс тоқтамайды ма?

- Жоқ. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша сегіз ауылдық елді мекендегі жолдарды жөндеу жоспарланған. Абай ауданында – Тасзаимка ауылы және Южный кенті, Нұра ауданында – Егінді және Байтуған ауылдары, Бұқар Жырау ауданында – Ботақара аудан орталығы, Шет ауданында – Ақжал кенті, Ұлытау ауданында Қарсақпай темір жол станциясына дейінгі жол жөнделеді. Қарқаралы ауданында Бүркітті станциясына кіреберіс жол ашылады.

- Ал, сапа туралы мәселеге тоқталар болсақ. Кейбір жерлерде асфальт қармен бірге еріп кетпей ме?

- Барлық жобаларды Ұлттық жол активтері сапасы орталығы филиалының мамандары сүйемелдейді. Сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау жүргізіледі. Көктемде тексереміз.

Егер қандай да бір ақаулар анықталса, онда компаниялар оларды кепілдік міндеттемелер шеңберінде өз есебінен жоюы тиіс. Құрылыс, реконструкциялау, күрделі жөндеу нысандарында кепілдік 5 жыл, орташа жөндеу кезінде – екі жыл қолданылады.


Соңғы жаңалықтар