Қызылорда тұсында Сырдария суы бөгетті бұзып кетті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сырдария өзені дүлей мінезін көрсете бастады. Дария суы Қызылорда қаласы тұсындағы ескі бөгетті бұзып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр дарияның Қызылорда қаласы тұсында қорғаныс бөгеті салынған болатын. Сондықтан облыс орталығының жаңа аумағы бойы көтеріп жатқан сол жағалау бөлігіне ешқандай қауіп төнген жоқ. Топан су арнасынан шыға қоймады.

«ҚР Үкіметінің және төтенше жағдай шығындарынан арнайы қаржы бөлініп, оған 10 шақырымға жуық қорғаныс бөгеті салынды. Ескі бөгетті бұзып кеткен су жаңа қорғаныс бөгетінен аса алған жоқ. Біз ескі бөгетті қалпына келтіруге көңіл бөлдік. Оған тиісті мекемелер, қала әкімдігі шұғыл түрді қажетті жұмыстарды жүргізді. Осылайша ескі қорғаныс бөгеті толық қалпына келтірілді», - деді Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Жаңабаев.

Қазіргі таңда Шардара су қоймасынан төменгі бөлікке секундына 900 текшеметр су босатылып жатыр. Оның 400-і Көксарай су қоймасына жіберілсе, қалғаны Қызылорда облысына келеді. Ол 10 қаңтарда облыс шекарасына келіп жетеді деп жоспарланып отыр

«Алдағы күндері Шардара су қоймасынан төменгі бөлікке босатылатын су мөлшерін секундына 800 текшеметрге төмендету бағытында тиісті іс-шаралар жасалуда. Қазіргі таңда Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарында ешқандай мұз ұстасып тұрған жоқ. Қызылорда қаласы мен қалған аудандарда мұз қалыңдығы әртүрлі. Әзірге сеңнің жүру уақытына толық болжам жасау қиын. Дегенмен оның жүру уақытында дариядан келетін су деңгейінің төмен болуы маңызды саналады», - деді ҚР Қоршаған орта және су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов.

Қазір облыс аумағындағы барлық қауіпті тұс ерекше бақылауға алынған, күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылуда.

Бұдан бұрын Қызылорда облысы аумағында Сырдария бойында су тасқыны қаупі орын алып отырғаны айтылған болатын.

Естеріңізге сала кетелік, 25 желтоқсанда Қызылорда облысы Қазалы ауданы аумағында дария бойындағы қорғаныс бөгеті жарылды. Ал одан кейін Қазгидромет Сырдарияның арнасынан шығып кетуі мүмкін екенін хабарлады.

Соңғы жаңалықтар