Қызылорда: Полицейлер 17 адамды өрттен құтқарды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық полиция қызметкерлері 17 адамды өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция департаментінің хабарлауынша, Қызылорда қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне Қорқыт ата көшесі бойындағы көп қабатты үйдің бірінде төртінші қабатта орналасқан пәтерден өрт шығып жатқаны жайында хабарлама түсті. Жедел қызметтер мамандарымен бірге полиция қызметкерлері - Мақсат Жылқайдаров, Мақсат Хасенов және Бақытжан Досмағамбетов оқиға орнына келіп жетті.

Оқиға орнына келген мамандар пәтердің бірінен қалың түтінді көзі шалды. Өрттің көрші пәтерлерге таралу қаупі бар екенін аңғарды. Мақсат Хасенов пен Бақытжан Досмағамбетов өрт болған пәтердің есігін ашып, онда орын алған өртті сөндіруге кірісті.

Ал Мақсат Жылқайдаров өткір түтін салдарынан пәтерлерінен шыға алмай қалған тұрғындарға көмектесті. Олардың арасында үлкендердің бақылауынсыз қалған балалар да бар еді. Өрт салдарынан жарық та сөніп қалған болатын. Осындай қиындықтарға қарамастан полиция қызметкерлері өз міндеттерін жоғары деңгейде атқарып шықты. Нәтижесінде барлығы 17 адам өрттен қауіпсіз аймаққа шығарылды.

«Полиция қызметкерлері өз өмірлерін қатерге тіге отырып, көп қабатты үй тұрғындарына көмектесті. Сол сәтте тұрғындарды құтқаруға белсене атсалысқан Мақсат Жылқайдаров, Мақсат Хасенов және Бақытжан Досмағамбетов сынды полиция қызметкерлері елдің алғысын алды. Олардың бірі полиция қызметінде он жылдан астам уақыттан бері қызмет атқарып келе жатса, енді бірі еңбек жолын бастағанына бір жылдан асқан. Олар өздерінің батыл істерімен жас ұрпаққа үлгі бола алады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар