Қызылорда облысының тұрғыны көлігімен Арал теңізіне батып кетті

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 60 жастағы азамат көлігімен Арал теңізіне батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдайлар қызметіне 10 қаңтар сағат 11.48-де хабар түсті.

Онда Арал ауданына қарасты Ақеспе елді мекенінен 20-25 шақырым жерде орналасқан Шөмішкөл балық аулау учаскесіндегі Кіші Арал теңізіне Арал қаласында тұратын 1963 жылғы азамат УАЗ автокөлігімен батып кеткені айтылған.

«Арал ауданы Қамыстыбас елді мекеніндегі жедел-құтқару жасағы бөлімшесінен 4 құтқарушы үрлемелі моторлы қайық және 3 жиынтық сүңгуір құрал-жабдығымен оқиға орнына жетті. Оқиға орны теңіз жағасынан шамамен 7 шақырымдай жерде. Мұз қалыңдығы шамамен 35 см болса, су тереңдігі - 14 метр. Ауа райының қолайсыздығынан іздестіру жұмыстары 11 қаңтар күні басталды. Құтқарушылар 14 метр тереңдіктен УАЗ автокөлігін тапты. Алайда көлік ішінде суға кеткен адам жоқ екені белгілі болды», - деді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Ведомство мәліметінше, жедел құтқару жасағының сүңгуірлері іздеу жұмысын жалғастырып жатыр.

Оларға көмек ретінде Қызылорда қаласынан КАМАЗ көлігімен 5 құтқарушы, Шымкент қаласының 2 құтқарушы жұмылдырылды.

Аталған мамандар су асты іздестіру жұмыстарына арналған «эхолот» құралымен қамтамасыз етілген. Суға батып кеткен адамның денесі бүгін сағат 12.03-те табылды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Аралға балық аулауға шығып жоғалып кеткен 2 адам табылды.


Соңғы жаңалықтар