Қызылорда облысының мұнай экспорты квотасын ұлғайтуға әлі ерте

None
Ашық көздерден алынған фото
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысының мұнай экспорты квотасын ұлғайтуға әлі ерте. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы аяқталған «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының реверсі Атырау және Маңғыстау облыстарының кен орындарынан жеткізілімдерді ұлғайту есебінен Қызылорда және Ақтөбе облыстарының жер қойнауын пайдаланушыларынан ішкі нарыққа мұнай жеткізу үлесінің теңгерімсіздігін төмендетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушыларының ішкі нарыққа мұнай жеткізу көлемі бойынша жүктеме коэффициенті 2020 жылғы 84,7 пайыздан осы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша 72 пайызға дейін жоспарлы түрде төмендеді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Бұл ретте Премьер-Министр Энергетика министрлігі «ҚазМұнайГаз» АҚ және «СНПС» АҚ-мен бірлесіп, «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырларының өткізу қабілетін 6-дан 12 млн тоннаға дейін және «Кеңқияқ-Құмкөл» мұнай құбырларының өткізу қабілетін 10-нан 15 млн тоннаға дейін одан әрі кеңейту мәселелерін пысықтап жатқанын айтады. Бұл болашақта жоғарыда аталған теңгерімсіздікті қысқартуға ықпал ететін болады.

«Тұтастай алғанда, мұнай өнімдерінің тапшылығына жол бермеу елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық міндет, ал мұнайды ішкі нарыққа жеткізу оны іске асырудың басым бағыты болып табылатынын атап өту қажет. Осыған байланысты қазіргі жағдайларда Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушылары үшін мұнай экспортының квотасын ұлғайту мәселесін қарауға әлі ерте деп пайымдаймыз», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар