Қызылорда облысының экс-әкімі 7 жылға сотталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов 7 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот үкімімен сотталушы Қ.Ысқақов ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлімінің 2-тармағымен кінәлі деп танылды.

Ол мемлекеттік қызметте, судия қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, мемлекеттік ұйымдарда және қаржылық капиталында мемлекет үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып саналатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, дауыс беретін акцияларының қатысу үлестерінің 50 пайыздан астамы өздеріне тиесілі олардың еншілес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының қатысу үлесінің 50 пайыздан астамы аталған еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларда айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.

«Қуанышбек Ысқақов 7 жылға сотталды», - дейді Қызылорда қалалық №2 сотының судиясы Абдуллажан Сайдуллаев.

Айта кетейік, Қызылорда облысының бұрынғы әкіміне қатысты сот үкімін Абдуллажан Сайдуллаев Facebook-те ұйымдастырылған онлайн брифинг барысында жария етті.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылдың 28 наурызында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов Қызылорда облысының әкімі қызметінен босатылған еді.

Ал тамызда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бигайдаров Қызылорда облысының бұрынғы әкіміне қатысты істің қай сатыда екендігін айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар