Қызылорда облысының экономикасына биыл 424 млрд теңге инвестиция тартылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр Қызылорда облысына 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, өңірлер арасында үздік көрсеткіштердің біріне ие болды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел Президенті мен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында тың жобалар жүзеге асуда. Облыс 2023 жылдың төрт айында әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері бойынша оң динамикаға қол жеткізді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6 пайызға, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1,9 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,4 пайызға, сауда көлемі 2,5 пайызға, инвестициялар тарту 42,1 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 44 пайызға артты», - деді ол.

Оның айтуынша, Қызылорда облысының биылғы бюджеті 593 млрд теңге болға. Бұл 2022 жылғы бюджетпен салыстырғанда 205 млрд 700 млн теңгеге жоғары.

«Бюджеттің 64 пайызы немесе 378,6 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бағытталады. Өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алатын тау-кен секторында мұнай өндіру қордың сарқылуы салдарынан 2013 жылдан бері 6,5 млн тоннаға азайған. Мәселен 2013 жылы 10,5 млн тонна мұнай өндірілсе, 2022 жылы оның көлемі небәрі 4 млн тонна болды.

Қазір жаңа кен орындарын игеру үшін «Шу-Сарысу» бассейнінде геологиялық-геофизикалық зерттеу жұмыстары аяқталып, Арал бассейнінің «Батыс» және «Шығыс» бөлігінде жалғасуда.

Өңірде шикізатқа тәуелділікті азайту үшін экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасын таппақ. Атап айтқанда, индустрияландыру аясында өңірде құны 607,7 млрд теңге болатын 34 жоба іске асып жатыр. Бұл жобалар 6,3 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», - деді аймақ басшысы.

Әкімнің мәліметі бойынша, жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулына өңірден құны 907 млрд теңгеден асатын 36 жоба енгізілді.

«Былтыр құны 5,1 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Биыл Сыр өңірінде құны 13,4 млрд теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылады. Бұл өңірге инвестиция тарту қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.

Атап өту керек, былтыр Қызылорда облысы инвестиция тарту қарқыны бойынша республика көлемінде алдыңғы қатардан көрінді. Өңір экономикасына 409,5 млрд теңге инвестиция салынып, облыс еліміз бойынша 1-ші орынға шықты. Биыл 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.


Соңғы жаңалықтар