Қызылорда облысының бір ауданында 12 мектептен 500 млн теңге жымқырылған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысының бір ауданындағы 12 мектептен 500 млн теңге жымқырылған. Бұл жайында өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифинг кезінде журналист мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Қызылорда өңірінде бюджет ақшасын тиімсіз игеру белең алғанын айтып, жемқорлықпен күрес қалай жүріп жатқанын сұрады.

«Біз құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге білім саласындағы көп тексеру жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда бір ауданның өзінде 12 мектепте 500 млн теңгеден астам қаржы жымқырылғаны белгілі болды. Сол бойынша қазір іс қозғалды. Тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Шешім қабылданады», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Оның айтуынша, аталмыш мәселені әкімдіктің ішкі аудиті де бақылап отыр.

«Ревизиялық комиссия және бар. Осылар қазір жұмыс істеп жатыр. Білім саласында, денсаулық сақтау саласында, бүкіл салада осындай жұмыс жүргіземіз. Мысалы, қазір қоғам белсенділерінің қатысуымен балабақшаларда рейд жасалып жатыр. Шынын айту керек, мемлекеттен 100 балаға, 150 балаға тапсырыс алып жатыр. Ал барып қарасақ, онда 100 баланың орнына 60-70 бала жүреді. Осыны да анықтап жатырмыз. Мұндағы мақсат – бюджеттің қаржысын барынша үнемдеу, ысырапшылдыққа жол бермеу, қаражатты ең өзекті деген мәселелерге бағыттап, халықтың ұсыныс-тілегін орындау», - деді әкім.


Соңғы жаңалықтар