Қызылорда облысының Арал ауданында қуаңшылықтан 481 мал шығынға ұшырады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Арал ауданында қуаңшылық салдарынан 481 бас мал шығынға ұшырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арал өңірі тұрғындарын жыл басынан бері табиғи құбылыстар әбігерге салды. Алдымен Сырдариядан келетін су тапшылығының азабын тартты. Салдарынан өңірдегі жайылым жұтаң тартып, қолдағы төрт түлік азық етерлік шөп қалған жоқ. Оған қоса қыс пен көктем мезгілдерінде жауын-шашын аз түсті. Осындай келеңсіздік мал шығынына алып келді. Ауданда барлығы 481 мал өлген. Оның ішінде 321-і жылқы болса, 159-ы сиыр, біреуі түйе болып отыр. Мұндай келеңсіз көрініс аудандағы 8 елді мекенде байқалған.

«Айта кетейік, өлген малдарда ешқандай жұқпалы ауру белгісі байқалған жоқ. Оны ветеринария мамандары анықтап, тиісті хаттама жасады. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол бермеу қадағаланады. Бұл орайда кезекшілік ұйымдастыру қолға алынып отыр. Оған ауыл тұрғындары, еріктілер, жедел құтқару жасағы және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары енгізілген. Малдарға арнайы бақташылар бекітуге назар аударылды», - деді аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев.

Оның айтуынша, қазір жем-шөп қорын жасақтауға баса назар аударылуда. Осы орайда көршілес Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен өңірдегі Аралмен іргелес жатқан өзге аудандардан аталған мәселеге байланысты келісім жасалуда. Қазірге дейін ауданға барлығы 116 тонна жоңышқа шөбі жеткізілді. Алдағы күндерде бұл бағытта 518 тонна жоңышқаға тапсырыс берілген. Сондай-ақ, аудандағы бірқатар шаруашылықта биыл жоңышқа көлемін арттыруға назар аударылды.

Осы орайда аудан әкімдігі жанынан жұмысшы тобы құрылған. Мамандар жайылымды суландыру үшін бұрынғы су көздеріне түгендеу жүргізген. Алғашқы кезекте басты 49 су ұңғымасының дерегі нақтыланды. Құжаттандырумен құзырлы мекемелер тарапынан шара қабылдануда. Негізгі мақсат – елді мекендердегі су ұңғымаларын қайта қазып, суландыру мәселесін шешу.

Қуаңшылық салдарынан кейбір шаруалар төрт түлік басын азайтудан өзге амалы қалған жоқ. Олардың қатарында Құланды, Беларан, Мергенсай ауылдарының тұрғындары бар. Жергілікті жұрт жылқы, сиыр және қойын нарық бағасынан төмен сатуға мәжбүр.

«2000 жылы шыққан «Сақтандыру қызметі туралы» заңы бар. Аталған заңға сәйкес барлық заңды және жеке тұлғалар өз меншігіндегі мүлікті сақтандыруға құқылы. Арал ауданында малдары шығын болған шаруалар осындай талаптарға сай жұмыс жасаған болса, олар сақтандыру компаниясынан өтемақы талап ете алады. Қазіргі таңда аудан әкімдігі тарапынан сол өңірдегі қуаңшылыққа қатысты төтенше жағдай жариялау мәселесі қаралуда», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева.



Соңғы жаңалықтар