Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары әзірленді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс басшылығының бастамасы бойынша өңірдің 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданады. Бұл өз кезегінде мұнай өндірудің төмендеуінен экономикалық шығындардың орнын толтыруға мүмкіндік береді. Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытында Қызылорда облысында осындай ауқымды жұмыстар қолға алынып отыр.

Биыл ақпан айында облыс басшылығының бастамасымен Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Қызылорда облысының өзекті мәселелері талқыланған еді. Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен облыс әкімдігі 2019-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын әзірлеген болатын. Қазіргі таңда бұл бағытта салалық министрліктермен тиісті іс-шаралар атқарылып келеді. Аталмыш жоспар ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілетін болады.

Айта кету керек, дәл мұндай кешенді жоспар қазір тек Нұр-Сұлтан қаласында, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында ғана бар. Ал, төртінші жоспар Қызылорда облысы бойынша бекітілмек.

Үш айдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық негізгі көрсеткіштері бойынша көшбасшылар қатарында келеді. Оған мұнай өндіру, сондай-ақ өнеркәсіптік өндіріс көлемі қосылып отырған жоқ. Айта кетерлігі, Қызылорда облысы инвестиция тарту, құрылыс жұмыстарының ауқымы және тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Нәтижесінде Сыр өңірі еліміздің қарқынды дамып келе жатқан бес өңірінің қатарына кірді.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жақында облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХІХ сессиясында биылғы алғашқы тоқсанның қорытынды мәлімдемесінде бұл жөнінде жан-жақты баяндап берді.

«Тек өңдеуші сектордың өзінде оң динамика бірнеше жылдар бойы сақталып келеді. Нәтижесінде биылғы бірінші тоқсанда 2013 жылдың деңгейіне қарағанда, бұл саладағы өсім 71% құрады, ол республика бойынша - 16,2%. Өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция тарту көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артты», - деді Қ. Көшербаев.

Сыр өңірінде аймақты дамытудың алдағы жоспарлары белгіленген. Биыл еліміздегі алғашқы табақ шыны өндірісі іске қосылады. Шалқия қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинатын, кальцийлендірілген сода шығару зауытын және басқа да перспективалы экспортқа бағдарланған өндірістерді салу бойынша жұмыс жалғасуда. Жыл соңына дейін агроөнеркәсіптік кешен саласында кемінде 10 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде жылдық қуаты 1500 тонна өнім шығаратын құс фабрикасын, аумағы 2,2 гектар автоматтандырылған жылыжай кешенін, 1200 мал басына арналған сүт өнімдері фермасын, күріш зауытын салу жоспарлануда.

Фото: e-kyzylorda.gov.kz

Соңғы жаңалықтар