Қызылорда облысының әкімі жас мәнерлеп сырғанаушыны қабылдады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жас мәнерлеп сырғанаушы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Элизабет Тұрсынбаеваны қабылдады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жас мәнерлеп сырғанаушының әкесі Байтақ Тұрсынбаев Қызылорда облысының Қазалы ауданында туып-өскен. Күні кешеге дейін бұл отбасы қыздарының спортпен алаңсыз шұғылдануы үшін Мәскеу қаласында тұрып келді. Енді Лизаның канадалық белгілі бапкер Брайан Орсердің қарауына көшуіне байланысты олар Торонто қаласында тұрып жатыр.

Осы жолы Элизабет Қызылордаға бірінші рет келіпті. Дегенмен, ол жарыстарға Қазақстанның атынан қатысады. Он үш жасар спортшының жұмыс кестесі де өте тығыз. Жақында ол Минскіде өткен жасөспірімдер арасындағы Гран-при жарысында күміс медальді жеңіп алса, бұдан бірер күн ғана бұрын Йошкар-Олада да сондай жүлдеге қол жеткізді. Ал қаңтар айының басында Братиславада өтетін кубок үшін жарысқа қатыспақшы. Спортшы кездесуде өзіне Қызылордадағы мұз айдыны ұнағанын, онда жаттығуға керекті барлық жағдайдың жасалғанын айтты.

Қабылдауда бірге болған Элизабеттің әкесі Байтақ ұлы Тимурдың да қазір мәнерлеп сырғанаумен шұғылданып жүргенін сөз етті. Ол жақында Францияда өткен бір жарыста жеңімпаз танылыпты. Сөйтіп, Тұрсынбаевтардың отбасындағы үш баланың екеуі мәнерлеп сырғанау спортын таңдаған болып шықты. Ал балалардың үлкені Арман қазір Тараз қаласында тұрып, жұмыс жасап жатқан көрінеді.

Байтақтың өзі болса, Мәскеуде бизнеспен айналысады. Мамандығы заңгер ол қызына көмектесу мақсатында спорт академиясын да бітіріп алыпты. Қазір олардың алаңсыз жаттығулары үшін барлық жағдайды жасап келеді.

Соңғы жаңалықтар