Қызылорда облысының әкімі бірқатар нысандарды аралады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Аймақ басшысы қалада салынып жатқан перзентхана, перинаталды орталық, «Су жүйесі» МКК, екі жылу орталығы және Қарттар үйі құрылыстарымен танысты. Қалалық перзентхананың бас дәрігері Гүлнар Жұмашеваның айтуынша, ескі ғимараттың жұмыс жасап жатқанына 75 жыл болған. Сондықтан ол әбден ескіріп, қазіргі талаптарға жауап бере алмайтын дәрежеге жеткен.

«Құдайға шүкір, бізде туу деңгейі жоғары, оның мөлшері жылдан жылға артып келеді, ал қиын жағдайда босанушылық керісінше кеми түсуде, - деді бас дәрігер. - Егер 2005 жылы Қызылордада 3 мыңға жуық бала дүние есігін ашса, үстіміздегі жылы ол 7 мыңға жетті. Соңғы 4 жылда ана өлімі болған жоқ. Облыс жаңа туғандар саны бойынша республикада 3 орында. Ендігі міндет - жаңа туғандарға тиісті қолайлы жағдай жасау. Стандартқа сай, олардың әрбіріне жеке палата беруіміз керек. Ал қазір бізде әр палатада 5-6 ана жаңа туған нәрестелерімен жатады».

Облыс әкімі келесі жылы ғимараттың қайта жаңғыртылатынын, көп ұзамай 200 орындық перинаталды орталықтың пайдалануға берілетінін және жаңа перзентхана құрылысының бітетінін айтты.

Аймақ басшысы бұдан кейін перинаталды орталықтың өзіне келді. Әлдеқашан «сақалды құрылысқа» айналып кеткен бұл нысан құрылысының жандана бастауына Қырымбек Көшербаев облысқа әкім болып келгеннен кейін өзі күш салды. Құрылыс бұдан 5 жыл бұрын қолға алынған. Бірақ жауапкершілігі аздау мердігердің қамсауына тиген құрылыс ілгері жүрмей қойды.

Әкім Қарттар үйі тұрғындарымен де кездесті. Мұнда 80 мүгедек жан мен 100 қария қамқорлыққа алынған. Аймақ басшысы оларды Жаңа жылдарымен құттықтап, күзге дейін бұл ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілетінін жеткізді. Қырымбек Көшербаев бұдан кейін қаладағы коммуналдық кәсіпорындарда болып, олар үшін салынып жатқан құрылыс нысандарындағы жұмыстармен танысты.

Соңғы жаңалықтар