Қызылорда облысының әкімі #Birge #TazaQazaqstan акциясына қатысты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда облысы Арал ауданында республика бойынша өтіп жатқан #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы басталды. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов акцияға қатысып, қызылордалықтарды шараны өткізуде белсенділік танытуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Акцияға ауданның 150 жуық табиғат пайдаланушысы, табиғатты қорғау ұйымдарының қызметкерлері, жергілікті тұрғындар және жастар қатысты.

«Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Сыр өңірінің дамуына ерекше көңіл бөлді. Бұған дәлел – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы. «Ғасыр жобасының» бірінші кезеңі аясында «Ақлақ» және «Көкарал» су тоспалары салынған болатын. Соның нәтижесінде аймағымызда балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Баршаңызды қоршаған ортаны қорғауға және туған өлкеміздің тазалығын сақтауға белсенді қатысуға шақырамын!»,- деді аймақ басшысы.


Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада #Birge #TazaQazaqstan республикалық экологиялық акциясын ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бастаған болатын.

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрі және оның орынбасарлары, министрлер мен депутаттар мен қала тұрғындары қатысты. 1 200-ден астам белсенді Қоянды су қоймасының аумағын тазалап, бірнеше сағат ішінде 10 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Әрі қарай эстафета аймақтарға жолданған еді.

Алғашқылардың бірі болып Қызылорда облысы акцияға қолдау білдірді. Бүгін Қызылорда облысының Арал ауданында Көкарал бөгетінің жанындағы аумақ тазартылып, #Birge #TazaQazaqstan акциясы жалғасын табуда. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов эстафетаны аймақтың барлық аудандары мен елдімекендеріне жолдады.



Соңғы жаңалықтар