Қызылорда облысындағы су тапшылығының себебі белгілі болды

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биыл Сырдария өзенінде қалыптасқан жағдайға байланысты 20 жоба жүзеге асады. Бұл жобалар Сырдария өзеніндегі су тапшылығының алдын алу мақсатында жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазіргі таңда облысқа қарасты елдімекендерге 61 насос қондырғысы жеткізіліп, 26 ұңғыманың бұрғылануы мен 14 каналды тазалау жұмысы аяқталды.

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Құрманбаев мәлімдеді.

- Соңғы жылдары Сырдария өзеніндегі су ағынының азаюы өңірдің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайына едәуір әсерін тигізіп отыр. Бұл көлдердің құрғауына, күріш егісінің азаюына, табиғи мал азығының төмендеуіне әкеледі. Осыған байланысты биыл жалпы ұзындығы 1 034 шақырымды құрайтын 162 каналды тазалау, 156 насос қондырғы сатып алу, 87 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 322 гидротехникалық құрылысты жөндеу жұмысы жүргізіледі. Қазіргі уақытта 7 канал толық тазаланып бітті, - деді басқарма басшысы М.Құрманбаев.

Қазіргі таңда Шардара су қоймасына секундына 83 текше метр су түсіп жатыр. Ал Шардара өзенінің төменгі ағысына 550 текше метр су тасталуда.

Қызылорда облысы шекарасынан Көктөбе су бекеті арқылы секундына 551 текше метр су өтеді.

- Қазіргі жинақталған судың көлеміне байланысты есептеу жүргізілді. Былтыр Сырдария өзенінде судың аз болуы ауыл шаруашылығы саласы мен жеке шаруаларға кері әсерін тигізді. Сол себепті су тапшылығының алдын алу мақсатында Шардарада 500 млн текше метр су артық жиналды, - дейді Арал-Сырдария инспекциясының бөлім басшысы С.Абуов.

- Облыста егіс алқаптарындағы су тапшылығының негізгі себебі – биік жерлерге егін егу. Бұл өз кезегінде егіс көлемінің азаюына әкеліп соқтырады. Бүгінде жіберілген су көлемі Қызылорда су торабына келіп, бірінші кезекте су тапшылығы бар Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарына жіберілді, - деді Қазсушар РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ж.Ерназаров.


Соңғы жаңалықтар