Қызылорда облысындағы 15 мың га күріш алқабына басқа дақылдар егіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қызылорда өңіріндегі күріш алқаптарын күрт азайтса, топырақ тұздануға ұшырайды. Осыны ескерген жергілікті әкімдік қысқарту жұмыстарын ауыспалы егіншілік тәсілімен біртіндеп іске асырмақшы.Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жолдаған жауабында айтты.

«Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық ахуалы Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Облыс трансшекаралық Сырдария өзенінің ең төменгі ағысында орналасқандықтан жоғарыдан келетін судың көлеміне тәуелді. Жыл сайынғы вегетация кезінде орын алып отырған су тапшылығын азайту мақсатында алдағы жылдары егін шаруашылығын әртараптандыру жұмыстарына басымдық берілетін болады», - делінген жауапта.

Вице-министр келтірген деректерге сүйенсек, өңірдегі егіс алқаптарында топырақтың 35% – қатты, 65% – орташа тұзданған. Яғни, мұнда судың басым бөлігі егін суаруға емес, топырақ тұздылығын шаюға кетеді.

«Арал өңірінің ерекше топырақ-климаттық жағдайларында күріштің мелиоративтік-экологиялық және экономикалық маңызы зор. Егер аймақта күріш көлемі күрт төмендетілсе, инженерлік тегістелген жерлердің екінші тұздануына әкеп соғатыны белгілі. Бұл ғылыми дәлелденген. Сондықтан, ауыспалы егіс тәртібін қатаң сақтап, Қызылорда облысы әкімдігі күріш дақылы көлемін кезең-кезеңімен 75-80 мың гектарға тұрақтандыратын болады. Яғни, 2021 жылы күріштің егіс көлемін 84,4 мың гектарға дейін (5,1 мың гектарға азайтылады) төмендету болжамдалып отыр», - дейді Серік Қожаниязов.

Ал, оның орнына суды үнемдеуге мүмкіндік беретін басқа дақылдар көлемін 6 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Атап айтсақ, мал азығы дақылдарының көлемін 4,6 мың га, майлы дақылдарды 900 га, картоп, көкөніс, бақшалық дақылдардың көлемі 476 га кеңейеді.

«Нәтижесінде келесі жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін 3,1 мың гектарға арттыра отырып, 187,3 мың га орналастыру межеленіп отыр», - дейді ведомство өкілдері.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, жалпы еліміздің 3 өңірі бойынша алдағы 10 жылда 29 мың гектар күріш алқабын қысқарту жоспарланған.

Салаға жауапты министрлік дерегі бойынша, қысқарған күріш алқаптарының орнына бақша дақылдары мен мал азығына қажет көпжылдық шөптер егілуі мүмкін.


Соңғы жаңалықтар