Қызылорда облысында жол желісін дамыту жақсара түсті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биыл ұзындығы 360 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары, көпір өткелдері және көшелер жөндеуден өткізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған мәселе облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың басшылығымен өткен жол желісін дамыту және жолаушылар тасымалы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты жиында кеңінен талқыланды.

Өңірде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 3397 шақырым. Оның 1016 шақырымы республикалық, 2381 шақырымы - облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.

Биыл республикалық және облыстық бюджеттен қаралған 20 млрд теңгеге ұзындығы 360 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары, көпір өткелдері және көшелер жөндеуден өткізілуде. Республикалық бюджеттен мемлекеттік бағдарламала негізінде 10.8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды.

Жартыжылдыққа жоспарланған 6,6 млрд теңге толығымен игеріліп, 50 шақырымнан астам автомобиль жолдары жөндеуден өткізілді. Бұл облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесін арттыра түсті.

Атап айтсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы 11 647,0 млн. теңге бөлініп, сол бойынша 45 жоба жүзеге асырылған. Ол ұзындығы 250 шақырымды құрайтын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары жөндеуге жол ашты.

Ал «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1 774,3 млн. теңге бөлініп, Қызылорда қаласының сол жағалау бөлігін дамыту мақсатында үш жоба жүзеге асырылуда. «Ауыл ел - бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен 2 604,6 млн. теңгеге елді мекендердегі 64 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Кіші қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында Арал, Қазалы қалаларындағы бірқатар көшелер жөнделуде.

Айта кетерлігі, Қазалы ауданындағы Қарлан учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы көпір салу жобасының мемсараптама қорытындысы алынды. Жобаның жалпы сметалық құны - 4,4 млрд теңге. Сондай-ақ, «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолын жөндеу мақсатында республикалық бюджеттен 1 млрд теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталуда. Жөндеу жұмыстары шілде айының соңына қарай басталады деп жоспарлануда.

Ал Қазалы қаласы мен Әйтеке би көшесі аралығындағы жолды қайта жаңарту жобасы негізінде 3 көпірді толықтай кеңейту шаралары атқарылды.

Өңірде жергілікті маңызы бар жолдардың бойындағы көпірлердің техникалық жағдайы алаңдатып отыр. Қазір апаттық жағдайдағы 5 көпір өткелі мемсараптамадан өткізілуде. Қорытындысы тамыз айында анықталады. Оған қоса Қазалы ауданы 3 көпірге, Арал, Жалағаш аудандары теміржол үстінен өтетін автокөлік жолына және Жаңақорған ауданы 3 көпірдің жобасы әзірленуде. Сондай-ақ облыс көлемінде 6 қалқымалы қайық өткелдері бар. Бүгінгі күні олардың техникалық жағдайы бақылауда.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жиын барысында жауапты сала басшыларына мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлінген қаржының уақытылы игеріліп, мақсатты жұмсалып, жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілуін міндеттеді. Көлік айналымы қызметін бақылауға алу назардан тыс қалмайды.

Айта кетсек, Қызылорда облысы жартыжылдықты жоғары көрсеткішпен қорытындылады.




Соңғы жаңалықтар