Қызылорда облысында жол бойында тоқтатылған көліктен 42 келі есірткі тәркіленді

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында «Қарасора-2022» іс-шарасы барысында патрульдік полиция қызметкерлері 40 келіден астам есірткі тасымалдаған екі тұрғынды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қармақшы ауданы тұсында «Шымкент - Самара» тас жолының 1-шақырымында патрульдік полиция рота қызметкерлері жол ережесін бұзған «Toyota Camry» автокөлігін тоқтатады. Тексеру барысында көліктен 10 қапқа салынған жасыл түсті зат анықталып, айғақ ретінде алынды. Сараптама қорытындысымен алынған өсімдік зат 42 келі 682 грамм кептірілген марихуана екендігі нақтыланды. Автокөлік рөлінде болған 45 жастағы жүргізуші және 32 жастағы жолаушысы Қызылорда облысының тұрғындары екені анықталды. Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция депараментінен.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Онда есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу жағдайы көрсетілген.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада жол бойында тоқтатылған көліктен шолақ мылтық пен есірткі тәркіленді.


Соңғы жаңалықтар