Қызылорда облысында вакцина алғандардың 0,4% коронавирус жұқтырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында вакцина қабылдаған азаматтардың небәрі 0,4 пайызы коронавирусқа шалдыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде эпидемиологиялық ахуал күн санап жақсарып келеді. Биылғы жылдың қазан айының 18 күнінде 526 жағдай тіркелді. Қыркүйек айының дәл осындай мерзімі ішінде – 1494, тамызда 3523 жағдай анықталған болатын. Яғни ауру көрсеткіші қыркүйек айынан 2,8, тамыз айынан 7 есеге төмендеген.

«Бұл – коронавирусқа қарсы алдын алу шарасының оң нәтижесі. Ел арасында қатерлі індетке қарсы екпе қабылдаған азаматтар саны артып келеді. Осылайша көпшілік арасында ұжымдық иммунитет қалыптасты. Өңірде жоспар бойынша 452480 адам екпе қабылдауға қабілетті деп саналып отыр. Қазір 339 мыңнан астам азамат бірінші компонентпен қамтылды, ол 75,1% құрап отыр. Ал екінші компонентті 276 мыңнан астам адам алды. Ол 61 пайызды шамалайды. Айта кетерлігі, қатерлі індетке қарсы егілген адамдар арасындағы ауру көрсеткіші небәрі 0,4 пайыз. Бұл – жақсы нәтиже. Негізінде егілгендер арасында 8-10 пайызға дейін ауру тіркелуі ықтимал», - деді облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Ведомство мәліметінше, аурудың алдын алу мақсатында сақтық шаралары жалғасуда. Мониторингілік топтар және «Ashyq» бағдарламасы жұмыс жасап жатыр. Өңірде «Ashyq» бағдарламасына 3478 нысан қосылған. «Сары» мәртебесі бар – 398 адам, «қызыл» мәртебесімен 731 адам анықталды. «Қызыл» статусты 200 адамға айыппұл салынып, 8 миллион теңгеге жуық өндірілді. «Сары» мәртебедегі адамдарға ескертпе жасалды.

Еске салсақ, Қызылорда облысында екпе алуға тиіс тұрғындардың 75 пайызы вакцина салдырды.


Соңғы жаңалықтар