Қызылорда облысында ұрылар өрісте жүрген 179 малды алып кеткен

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 20 қылмыстық топ құрықталды. Сұғанақ қолды 103 адам қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үстіміздегі жылдың 7 айында облыс көлемінде 297 мал ұрлығы тіркелген. Өткен жылдың дәл осы кезеңінде ол 379 деректі құраған еді. Нәтижесінде бұл көрсеткіш 21,6 пайызға төмендеген. Мал ұрлығын жасайтындар 179 малды өрістен алып кетсе, 118-і қорадан ұрланып отыр.

Биылғы ел назарын аударған қылмыстық оқиға Сырдария ауданында орын алған. Онда мал ұрлығын кәсіп еткен қылмыстық топтың жолы кесілді. Қылмыстық топ құрамында 16 адам бар. Олардың тарапынан 16 мал ұрлығы жасалған. Бұл қылмыс дәлелденіп, сотқа жолданды.

Осы бағытта қызылордалық тәртіп сақшылары нақты істер жүргізіп келеді. Облыс көлемінде 5 мәрте «Мал ұрлаушы» жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді.  

«Қылмысты жедел ашуға кедергі келтіріп жүрген жағдайлар да кездеседі. Төрт түлік қожайындары алдымен малды өздері іздейді. Соның салдарынан арада бірнеше күн өтіп кетеді. Содан кейін ғана ішкі істер органдарына арызданады. Бұл жағдай қылмыстың ізін суытпай ашуға кедергісін келтіреді», - деді Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті кримогендік полиция басқармасы бастығының орынбасары Дархан Әбдібеков.

Соңғы үш жылда Қызылорда қаласы мен оған қарасты ауылдарда аталмыш қылмыс көрсеткіші 20 пайызға төмендеген. Дегенмен есепті мерзімде тіркелген қылмыстың 57 пайызын ұрлық деректері құрап отыр. 

Соңғы жаңалықтар