Қызылорда облысында суға кеткен 5 адамның біреуі әлі іздестірілуде

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Соңғы екі күннің ішінде Қызылорда облысында 5 адамның суға кету дерегі тіркелді. Олардың барлығы қаза болған. Бұл жөнінде Қызылорда облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында өте ыстық ауа райы қалыптасып тұр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан хабарлама бойынша ауа-райы 40-45 градусты маңайлайды. Осының салдарынан суға түсушілер саны көбейген. Дегенмен олар рұқсат етілмеген орындарда суға түскен. Оның соңы қайғылы жағдайға алып келеді. Мәселен, 7-9 шілде аралығында 5 адам тілсіз жаудың құрбанына айналған. Олардың арасында 4 адамның денесі табылды, 1-уі әлі де іздестірілуде. Бұл оқиғалар Шиелі ауданы Бәйгеқұм елді мекені аумағындағы Қанқожа көлі, Қармақшы ауданының орталығы - Жосалы кенті, Қызылорда қаласы маңайындағы Жаңадария каналында болған.

Қаза болған адамдар арасында түнгі мезгілде суға түскендер де кездеседі. Оның соңы өлімге алып келіп соқты.

«Негізінде түнде суға түсуге болмайды. Мұндай жағдайда суға кеткен адамды іздеудің өзі қиын. Тағы бір айтарымыз, су айдыны аумағына кішкентай балалар мен оқушыларды алып бармаса екен. Судың кей жерлерінің ағысы қатты болатынын да ұмытпағанымыз абзал», - дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.

Жалпы, жыл басынан бері Сыр өңірінде 8 адам суға кеткен. Оның ішінде 2-уі бала. Құтқарушылар 13 адамның өмірін сақтап қалды.

Соңғы жаңалықтар