Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны артты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында бір жылда жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны өсіп, онда еңбекпен қамтылған азаматтар артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде бизнесті қолдауға өз деңгейінде мән беріліп отыр. Бизнес үшін еркін бәсекелестік пен жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етуге назар аударылды.

«Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту – ел экономикасының ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі. Бүгінде аталған секторды дамыту үшін қолдау шаралары жасалуда. Соның нәтижесінде көрсеткіштер тұрақты өсуде. Соңғы бір жылда жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 6,6 пайызға (48 657-ден 51 063-ге дейін) артты. Онда жұмыспен қамтылғандар саны 8,7 пайызға (95 929 адамнан 104 250 адамға дейін) ұлғайды. Шығарылатын өнім көлемі 15,7 пайызға өсіп, ол 252,83 млрд теңгеден 315,009 млрд теңгеге жетті.

Мұндай оң нәтижеге қол жеткізуге тікелей мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде атқарылған іс-шаралар ықпалын тигізді. Былтыр «Бизнестің жол картасы 2025», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 3 086 жобаға қолдау жасалды. Оның ішінде 1 038 жобаға 5,3 млрд теңге несие берілді. Сондай-ақ, несие портфелі 30,9 млрд теңгені құрайтын 2 048 жобаның несиесі субсидияланды», - деді облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Әлемді жайлаған пандемия ахуалы халық тұрмысына айтарлықтай теріс ықпал етіп, экономиканың әлсіз тұстарын байқатты. Осы мақсатта 2020 жылдан бастап өңірлік деңгейде «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту картасы» қабылданды.

«Карта аясында өңір үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық және өзекті 404 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың жалпы құны - 158,9 млрд теңгеге жуық. Қазірге дейін 11,2 млрд теңгені құрайтын 171 жоба іске қосылды. Олардың арасында бұрын-соңды облыста өндірілмеген балмұздақ, жантақ балы, шұжық, макарон бұйымдары, шоколад өнімдері, қауын чипстері, сиыр, жылқы, қой етінен консервілері, қарақұмық және күріш ботқасынан консервілер сияқты өнімдер бар. Аталған жобаларды іске асыруға жеке инвесторлар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы институттары тартылды. Осы мақсатта облыстық бюджеттен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына 700 млн теңге қарастырылған. Оның 400 млн теңгесі өндірістік бағыттағы жобаларға 2% несиелендіруге бөлінді. Биыл аталған орталыққа 950 млн теңге қарастырылуда. Оның 400 млн теңгесі 2% несиелендіруге бағытталады. Биыл жыл соңына дейін карта аясында 7,6 млрд теңгені құрайтын жаңа 206 жобаны іске қосу көзделуде», - деді басқарма басшысы.

Бәсекелестік қағидаты кәсіпкерліктің барлық саласында мүлтіксіз сақталуы тиіс. Мемлекеттік бағдарламалар тұрақты бизнестің кеңеюіне жол ашты. Ол жаңа бастамаларды іске асыру мүмкіндігінің маңызды құралына айналды.

«Бұл жергілікті бизнес-климаттың жақсаруына өз септігін тигізуде. Мәселен, бүгінгі күні мемлекеттік гранттар кәсіпкерлік бастамалардың жаңа буындарын іске асыру мүмкіндігінің маңызды құралына айналды. Мысалы, грант есебінен Қызылорда қаласында балаларға арналған «Аслан студио» киностудиясы ашылды. Киностудия алғашқы толықметражды фильм жасап шықты. Аталған жоба негізінде Жасұлан Алдабергенов жеке кәсіпкерлігі 3 млн теңге грантқа ие болды. Сондай-ақ, Дархан Асан есімді жеке кәсіпкер 5 млн теңге грант бойынша «Qyzylorda» брендімен шоколад өндірісін ашты. Ол тәулігіне 300-ден астам өнімді сатуды жоспарлап отыр», - деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, Қармақшы ауданында күріш таяқшаларын өндіру жобасы қолдау тапты. Креативті идея арқасында «Жиеней» жеке кәсіпкерлігіне жетекшілік жасайтын Талғат Жасанбаев 2,5 млн теңге грантпен стартап бизнесін ашуға мүмкіндік алды.

«Осындай қолдау шараларының нәтижесінде келешекте өңірде тамақ өнеркәсібі саласында күнбағыс майы, ет чипсы, сусын өндірістері, құрылыс саласында шеге, полистролбетон, травертин, сайлентблок, профнастил өндірістері, сондай-ақ тұрмысқа қажетті эко ыдыс-аяқ өндірісі, кір жуатын ұнтақ, резеңке аяқ-киім, тент өндірістерінің іске қосылуы күтілуде.

Сондай-ақ, биыл Жаңақорған ауданында «Қожамберді-Бірлестік» өндірістік кооперативі шұжық цехын іске қосуды ойластыруда. Ал Қармақшы ауданында балық өңдеу цехына электр, Жалағаш ауданында орталық моншаға мемлекеттің есебінен газ желісін тарту көзделуде.

Айта кету қажет, өткен жылдан бастап аталған мемлекеттік қызметтерді көрсетудің электронды нысандары енгізілді. Осының нәтижесінде қызметтердің қолжетімділігі және ашықтығы арта түсті», - деді Ф.Қожабергенов.

Кәсіпкерлердің мемлекеттік қызметтерге, мемлекеттік бағдарламалары аясында қаржылай қолдау құралдарына қол жетімділігін әкімшілік кедергілерсіз қамтамасыз ету үшін облыста «Бизнеске арналған Үкімет» платформасы жұмыс жасауда. Орталық арқылы «бір терезе» қағидатымен 18 бағыт бойынша 89 қызмет түрлері ақысыз көрсетіледі. Өткен жылы 13 мың қызмет көрсетілген болса, биылғы жылы қызметалушылар саны 15 мыңнан асты.

Еске салсақ, Қызылорда облысында азық-түлікке бағаны тұрақтандыру басты назарда екенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар