Қызылорда облысында санитарлық талаптарды күшейту көзделіп отыр

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар күшейтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде облыс «сары» аймақта тұр. Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырудың 75 дерегі тіркелді. Індет күннен-күнге дендеп барады.

«Облыста кейбір орындар карантин талабын сақтауға өз деңгейінде назар аудармай отыр. Мәселен, 14 сәуірде 6 мекемеде талаптардың сақталмағаны белгілі болды. Қызылорда қаласының іргесіндегі Тасбөгет кентінде орналасқан «Карамель» ойын-сауық орталығында осындай келеңсіздік байқалды. Онда қызметкерлер мен келушілерден бетперде тағу талап етілмейді, температура өлшенбейді. Дегенмен, көптеген орындарда өткен аптамен салыстырғанда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы күшейтіліп жатқаны байқалады. Қазір жергілікті полиция қызметі басқармасының көліктерімен дыбыс зорайтқыш құралдары арқылы орталық көшелерде ескертпе хабарламалар айтылуда», - деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова.

Бүгінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 236 адам ауруханада ем алуда.

«Қазір аудандарға тұрақты жеткізу жұмысымен айналысудамыз. Тасымалдау мен сақтау үшін облыстық бюджеттен қосымша қаражат қаралуда. Жаппай вакцина жасау арқылы ұжымдық имунитетті қалыптастыра аламыз», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.

Облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың төрағалығымен өткен селекторлық жиында коронавирус инфекциясына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары санитарлық талапты күшейтуді, оны қадағалауды тапсырды.

Еске салсақ, Қызылордада карантин талабын бұзғандарға 11 млн теңге айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар