Қызылорда облысында пневмонияның ауыр түріне шалдыққан науқастар саны азайды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында пневмонияның ауыр түріндегі науқастардың азайғаны байқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қызылорда облысына сапары барысында жергілікті бірқатар медициналық мекемелердің жұмыс барысымен танысып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайына назар аударды.

Облыстық жедел жәрдем станциясы дәрігерлерімен жүздеску барысында Ералы Тоғжановқа облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы жедел жәрдем жұмысы мобильді қызметті іске асыру арқылы оң көрсеткішке қол жеткізгенін айтып өтті.

Соның нәтижесінде тұрғындар тарапынан шақырту саны төмендеген. Аймақтағы эпидемиологиялық ахуал күрделі кезеңде жедел жәрдем шақыртуы тәулігіне 2500-ден асып, дәрігерлерге жүктеме 2 есе артқан болатын. Қазір ахуал тұрақталды, шақырту саны да азайды.

Маусым айындағы шақыру шарықтау шегімен салыстырғанда қазір 52,7 пайыз азаюы байқалады. Ал соңғы 2 аптада жалпы орындалған жалпы шақыру саны 39 пайызға төмендеді. Оның ішінде тыныс алу жолдарының аурулары 74 процентке кемісе, жедел респираторлық вирусты инфекция жағдайлары 82,5, пневмония жағдайы 60 пайызға төмендеген.

Пневмония жағдайымен шақыру көп кезінде науқастардың 85 пайызы стационарға жатқызылды. Ал қазір 45,3 пайызы тасымалданып, жатқызу көрсеткіші 79,3 пайызы құрап отыр. Яғни, ауыр түрдегі науқастардың азайғаны байқалады.

Вице-премьер жедел жәрдем стансасының шақыртуларды қабылдайтын диспетчер бөліміндегі Сall-орталықтың жұмыс процесін бақылады. Эпидемиологиялық күрделі уақытта мұнда әр диспетчер күніне 150 қоңырау қабылдап келген. Бүгінде шұғыл қоңыраулар азайған.

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов көпбейінді Қызылорда облыстық ауруханасының жұмысымен танысты.

Көпбейінді облыстық аурухана 1998 жылы пайдалануға берілген. Ауруханада жалпы 525 төсек орны бар. Ауруханада 17 өкпені жасанды желдету аппараты, 300 оттегі баллоны, 6 оттегі концентраторы бар. Бір тәулікте 60 оттегі баллонын пайдалану қажет етіледі.

Науқастарға арналған 30 төсек-орындық инфекциялық стационар, 70 фильтр бөлмесі ұйымдастырылған. Фильтр бөлмелерінің ішінде 13 орын жансақтау бөліміне арналған. Бүгінгі күні стационарда - 7, фильтр бөлмелерінде - 38 адам емделуде.

Бүгінгі күні Қызылорда облысы бойынша 328 дәріхана, дәріхана пунктері фармацевтикалық қызметпен айналысады. Оның 178-і Қызылорда қаласында орналасқан. Індеттің таралмауына қажетті дәрі-дәрмектің уақытылы жетуі және бағасының негізсіз көтерілмеуін арнайы мониторинг тобы бақылауда ұстайды.

Бүгінгі күнге дейін мониторинг тобы қаладағы 9 емхана мен «СҚ-Фармация» ЖШС дәрілік қоймасына, 86 дәріханаға мониторинг жүргізді. Соның нәтижесінде аймақта дәріханалардағы ұзын-сонар кезек азайды.

Дәріханада халық тарапынан үнемі сұраныстағы Эуффелин», «С» витамині, «Сумамед», «Ципролет», «В» витаминдер кешені «Милгамма», «Ремаберин», «Полиоксидоний», «Офло» секілді дәрілік заттары келіп түседі.

Вице-Премьер облыстағы дәрілік заттардың жеткілікті болуын қамтамасыз етуді және халық сұранысындағы дәрілердің ұдайы жетуін назарға алуды жеткізді.

Еске сала кетейік, бүгін Қызылорда облысына жасаған сапары барысында Ералы Тоғжанов қатерлі індетпен күресте халықтың да жауапкершілігі үлкен екенін атап өтті .



Соңғы жаңалықтар