Қызылорда облысында пайдаланбай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару науқаны басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында пайдаланбай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару науқаны басталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат өңірлік әкімдіктің сайтына сілтеме жасап. 

«Қызылорда облысының әкімдігі «Мүлдем пайдаланбай жатқан немесе заңсыз пайдаланып жатқан жер учаскелерін толық қайтарып алу туралы» жол картасын жасады және бекітті. Жол картасына сәйкес, Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда жұмысшы топтар құрылып, топ құрамына прокуратура мен мүдделі мемлекеттік орган өкілдері енгізіліп отыр, - делінген xабарламада.

Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаев, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов Жол картасының негізгі жайттарымен таныстырды.

«Бүгінде жұмыс топтары іске кірісті. Жол картасына сәйкес, елді мекендерде жұмыс 1, 2, 4 тоқсандарда жүргізіледі. 3-тоқсанда пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері түгенделеді», - дейді Қанатбек Серікбаев.

Сонымен қатар облыста өз бетінше жер учаскелерін иеленіп алғандарға қатысты да шара қолданылады.

Ұсынылған мәлімет бойынша бүгінгі күнге дейін Қызылордада жер қойнауын өз бетінше пайдаланудың 800-ден аса дерегі анықталған.

«Мемлекеттік жер учаскесін немесе оның бір бөлігін заңсыз иелену жеке тұлғаларға - 170175 теңге, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 340350 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеліп соғады. Сондай-ақ, өз бетінше иеленіп алған жер учаскесінде салынған құрылыс ҚР ЖК-нің 164-1 бабына сәйкес бұзылатындығын ескертеміз», - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар