Қызылорда облысында мұнай және газ саласы қызметкерлері марапатталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында мұнай және газ саласы қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұнай және газ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сала мамандарымен кездесіп, төл мереке иелеріне құрмет көрсетті.

Жиынға мұнай компанияларының өкілдері мен сала ардагерлері шақырылды.

Аймақ басшысы өңірдің мұнай-газ саласы аймақ экономикасын дамытуда үлкен рөл атқаратынын ерекше атап өтті. Сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен үш шөгінді бассейндерін геологиялық зерделеу жұмысы жүріп жатыр. Осы ретте өңірдің мұнай өндіруші және барлаушы компаниялары да атсалысуы қажет», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Қазіргі таңда «Кеңқияқ-Атырау» мұнай құбырының реверсін кеңейту жобасы аяқталу үстінде.

Жоба толығымен іске асқанда облыстағы мұнай өндіруші компаниялары үшін ішкі нарыққа мұнай жеткізу жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.

Жиын барысында аймақ басшысы қара алтынды игерген мұнайшылар қауымын марапаттап, ел игілігі жолындағы еңбектеріне толағай табыс тіледі.

Өз саласының үздігі атанған аталған саланың 6 маманына облыс әкімінің «Құрмет грамотасы» табысталды.

Олардың қатарында «Құмкөл Транс Сервис» ЖШС Басқарушы директоры Байқадам Абласанов, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ жобалау бөлімінің басшысы Құрманғазы Асанов, «Kazpetrolgroup» ЖШС мұнай және газ өндіру мастері Дәулет Ешмұратов, «СНПС-Айдан Мұнай» АҚ бұрғылау жұмыстары бойынша супервайзері Самет Қалыбаев, «ҚОР» Мұнай компаниясы» АҚ сату бөлімінің маманы Серік Төлегенов пен «КМНПЗ» ЖШС машинисті Мұрат Көшкінбаев бар.

Айта кетейік, Қызылордада геологиялық барлау жұмысы жүргізіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар