Қызылорда облысында мұғалімдердің 95%-ы коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жалпы білім беретін мектептерде қызмет атқаратын 22180 мұғалімнің 95%-ы коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2020-2021 оқу жылында мұғалімдер арасында коронавирус инфекциясының зертханалық расталған 108 жағдайы тіркелді. Оның 40%-ы оффлайн форматта сабақ берген педагогтар.

«Ал жаңа оқу жылының басынан бүгінгі күнге дейін 22 мұғалім осы ауруға шалдықты. Дегенмен олардың 17-і мектеппен байланысты емес. Себебі, еңбек және бала күтіміне байланысты демалысы кезінде үй ошағындағы қарым-қатынастар арқылы жұқтырған. Олар білім беру ұйымына бармаған. Ал 5 жағдай жаңа оқу жылын оффлайн форматта бастаған оқытушылар арасында анықталды», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш Шуақбаева.

Ведомство мәліметінше, бүгінгі күні қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы медициналық бақылауға алынды. Ауру ошақтарында эпидемияға қарсы барлық шаралар орындалды.

Еске салсақ, Қызылордада жаңа оқу жылында 102 оқушы коронавирус жұқтырды.



Соңғы жаңалықтар