Қызылорда облысында коронавирусқа қарсы препараттар бағасы 27% арзандады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирусқа қарсы препарат бағасы 27 пайызға төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс дәріханаларында халықтың қажеттілігін қамтамасыз етететін дәрілік заттар қоры жеткілікті. Қазір қорда антибиотиктердің 358 мың, вирусқа қарсы препараттардың 24 мың, антикоагулянттардың 93 мың, ыстықты түсіретін препараттардың 179 мың қорабы бар.

«Былтыр өңірде коронавирус инфекциясы өршіген тұста жаз айларында ауруханалар мен провизорлық орталықтарда дәрі-дәрмек тапшылығы байқалды. Бұл халықтың қалтасына ауырлық салды. Қазір дәрі қоры жеткілікті. Әрі биыл коронавирусқа қарсы препараттардың бағалары 27 пайызға төмендеді», - деді облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бөлім басшысы Нұрбек Әділханов.

Айта кетейік, қазіргі таңда «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-мен 17 фармацевтикалық ұйымға барлығы 281,2 млн теңге қаржы берілді. Олардың 9-ы қалада, 8-і аудандарда орналасқан. Бөлінген қаражаттан 280 млн теңгеге ыстықты түсіретін, антибиотиктер, вирусқа қарсы, иммуностимуляторлар, медициналық бұйымдар, инъекциялық және гормондық препараттар сатып алынды.

«Қазір Android және Appstore платформаларында «DARI.KZ» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Осы мобильдік қосымшаның көмегімен кез келген азамат республика аумағында тіркелген дәрілік заттардың барлық тізбесін көре алады. Пайдаланушыға медицинада қолданылуы жөніндегі нұсқаулық, қаптама макеттері, қолдану тәсілдері, сертификаттар, дәрілік заттың толық атауы, өндіруші туралы ақпарат, тіркеу куәлігінің нөмірі, баламалар тізбесі, шекті бағалары да көрсетілген», - деді Н. Әділханов.

Еске салайық, Қызылордада Сырдария ауданы коронавирус бойынша «қызыл» аймаққа енгізілді.


Соңғы жаңалықтар