Қызылорда облысында кәсіпкерлік саласында 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде бір жыл ішінде шағын және орта кәсіпкерлік саласында 7 679 жаңа жұмыс орны ашылған. Өткен жылмен салыстырғанда өсім - 8,5%.

«Мемлекет пандемия кезінде кәсіпкерлерге ауқымды қолдау көрсетіп, салықтан босатты. Облыста 460 кәсіпкерлік субъектінің несиелері бойынша төлемі кейінге шегерілді. Экономиканың зардап шеккен салаларындағы 40 кәсіпкердің жоғары пайызбен алынған несиесі 6%-ға дейін субсидияланды. Айналым қаражатын жеңілдетіп беру жөніндегі несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Шектеу шаралары кезең-кезеңімен алынып, реттеліп жатыр», - деді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Қазір аймақта кәсіпкерлердің саны артып келеді. Биылғы жылдың 1 тамызындағы мәлімет бойынша облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 50 357-ге жетті. Ол былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 9,1 %-ға немесе 4 204 нысанға артқан.

2019 жылдан бастап іске аса бастаған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын орындау барысында облыста 10 млрд теңгені құрайтын 121 жоба іске қосылды. Осы жобалардың шеңберінде 589 жұмыс орны ашылды.

Биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық әкімдік «Atameken Qyzylorda» микроқаржы ұйымын құрды. Бұл қаржы ұйымы «Бастау Бизнес» жобасының түлектерін несиелендіреді. Биылға 1 млрд теңге қаржы қарастырылған, оған 238 жоба несиелендіріледі деп жоспарланып отыр.

Айта кетсек, Президент Жолдауы негізінде Қызылорда облысында өңірлік даму бағдарламасы қабылданады.


Соңғы жаңалықтар