Қызылорда облысында экономикалық дамудың оң динамикасы қалыптасты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қызылорда облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы қалыптасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңдеуші өнеркәсіп өндірісі 9,7 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,7 пайызға, инвестициялар тарту 7,6 пайызға, құрылыс жұмыстары көлемі 44,0 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2,5 пайызға артқан.


Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,1 пайызға артып, 49090 бірлікті құрады (2020 жылдың қаңтар-наурызында – 46268 бірлік).

Тұтыну бағалары индексі республикалық деңгеймен салыстырғанда төмен қалыптасты: облыс 101,7 пайыз болса, республика 101,9 пайыз.

Ал, азық түлік тауарларына баға индексі республикалық деңгеймен бірдей қалыптасып 103,0 пайызды құрады.

Жалпы, бүгінде өңір экономикасына инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, салықтық базаны арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Атап айтқанда, 2023 жылға дейінгі Қызылорда облысының Экономикалық даму жоспары аясында жұмыстар жалғасуда.

Ағымдағы экономикалық жағдайды ескере отырып аталған Даму жоспары өзектендіріліп, жобалар саны бекітілген 265-тен 404-ке дейін артты.


Биылғы жылы 14 млрд теңгенің 96 жобасын іске асыру жоспарланса, бүгінде оның 173,6 млн теңге болатын 15 жобасы іске қосылды.


«Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде 2021 жылы Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Шиелі аудандарына қарасты ауылдық елді мекендерде 13 инвестициялық жобаны іске асыруға 1,9 млрд теңге қарастырылып, 117 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.


ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімдігі арасындағы 2021 жылға бекітілген Меморандум аясында 16 нысаналы индикатор (6 индикатор бойынша мәліметтер ай сайын, 5 индикатор бойынша жылына тек бір рет, 5 индикатор бойынша тоқсан сайын бір тоқсанға кешіге отырып шығады) бойынша тұрақты мониторинг жүргізілуде.

1 тоқсан нәтижесімен Меморандумның орындалуына келсек:

- жергілікті бюджетке салықтық және салықтық емес түсімдердің өсуі индикаторы бойынша 2021 жылғы жоспар 100,3 пайыз болса, бүгінгі күнге жергілікті бюджетке 15 316,5 млн теңгенің салықтық және салықтық емес түсімдері түсіп немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,0 пайызға артты (2020 жыл 13 669,4 млн тг):


- құрылған тұрақты жұмыс орындарының санының индикаторы бойынша биылға 13 500 жұмыс орнын құру жоспарланса, 1 тоқсан нәтижесімен 2 172 жұмыс орны құрылып, өсім 3,9 пайызды құрады.

- пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы индикаторы бойынша 2021 жылға 644,7 мың шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланса, 1 тоқсанда 133,5 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, өсім 2,5 пайызды құрады.


Қорыта келгенде, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын одан әрі қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бағдарламалар, өңірдің Даму бағдарламасы және ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімдігі арасындағы бекітілген Меморандум, Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспары, сондай-ақ «2021 жылға арналған Қызылорда облысы әкімінің Іс-қимыл жоспары» шеңберінде жұмыстар жалғасатын болады.


Соңғы жаңалықтар