Қызылорда облысында бизнесті дамытуға құлықсыз әкімдер сөгіс алды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы әкімдігінде кәсіпкерлікті жаппай дамыту бойынша 9 айда атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Онда саланы дамытуға жете мән бермей отырған ауыл әкімдеріне сөгіс пен ескерту беріліп, екінші деңгейлі банктерге несие портфелін ұлғайту жүктелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аймақ басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, облыста шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 41 393-ті  құрады.  Соңғы жылы олардың саны 11 пайызға асқан. Бұл ШОБ өсу қарқыны бойынша республикадағы ең жақсы нәтиже.

Отырысқа ауылдық округтер мен аудандар әкімдері, кураторлар - ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға жауапты аймақтық департаменттер мен инспекциялардың, басқармалар мен өңірлік қаржы институттарының басшылары қатысты.

 «Жылдың басында жұмыссыздар мен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар саны 97,5 мың болса, бүгінгі күні олардың  қатары 35,8 мың адамды құрайды. Яғни 62 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған және ресми түрде тіркелген. Оның ішінде 14 мыңнан астам адам жаппай кәсіпкерлікті қолдау шаралары аясында жұмыс істеуде», - деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы тағы 5 жылға ұзартылғанын атап өткен облыс әкімі, ауылдық округтердегі кәсіпкерлікті дамытуға жауапты тұлғаларға ауыл әкімдерімен бірлесіп, нақты жобалардың іске қосылуына бақылау жасауды тапсырды.

Аудан, ауылдық округ әкімдері мен кураторлар кәсіпкерлік субьектілерін ашу бойынша жүргізілген жұмыстар жайлы есеп берді. Мысалы, жыл басынан бері Сырдария ауданында - 2167, Қызылордада  26099 шағын және орта бизнес субьектісі тіркелген. Аймақ басшысы Қызылорда қаласы аудандарға үлгі болуы керектігін нақтылап, жыл соңына дейін мемлекеттік органдар басшыларының өз саласы бойынша ШОБ-ты дамыту бойынша жұмыстары тыңдалатынын атап өтті. 

Мәжілісте сондай-ақ кейбір ауылдық округтердің әкімдері мен олардың кураторларына  сөгіс пен ескертулер берілді. Түйіткілдер жыл соңына дейін шешілмеген жағдайда жұмыстарынан босатылатыны да ескертілді.

«Мемлекет барлық жағдайды жасауда: қаражат бөлінді, бағдарламалар әзірленді. Сіздерден тек осы жұмыстарды өңірімізде  ұйымдастыруға деген ниет қажет. Біз облыс тұрғындарының әл-ауқатына жауаптымыз, жауапкершілікті алып, нәтижелі жұмыс істеуге тиіспіз. Жыл соңында  әрқайсыларыңыздың есептеріңіз тыңдалып, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлестеріңіз қарастырылатын болады», - деді Қ. Көшербаев.

Сонымен қатар, аймақ басшысы екінші деңгейлі банктердің басшыларына несие портфелін ұлғайтуды тапсырды.

«Егер банктердің филиалдары жұмыс істемесе, аймақтағы ШОБ-тың дамуына үлес қоспаса, онда қызметін дұрыс атқармайтын жергілікті филиал директорларын жұмыстан босатуға  немесе филиалды мүлдем жабуға қатысты басшыларынан талап етуге  тура келеді», - деді облыс әкімі.

 

Соңғы жаңалықтар